
Орталық Азияда жылыну деңгейі әлемдік көрсеткіштен екі есе артып, мұздықтар жылдам еріп барады. Бұл шөлейттенуді күшейтеді.
Еуразиялық даму банкінің 2022 жылғы есебі бойынша, жағдай күрделі. Алайда үміт жоқ емес. Орталық Азия елдері мұздықтарды сақтауға ерік-жігер сала бастады. БҰҰ дерегінше, Орталық Азия мұздықтарды сақтау ісінде оқ бойы озық.
Климат өзгерісінің әсері
Орталық Азиядағы жағдай жылдам нашарлап келеді. 2024 жылдың тамыз айында Орталық Азия елдерінің алтыншы саммитінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев:
«Жаһандық климат өзгерісінің салдары біздің әрбір елімізде сезілуде. Температураның көтерілуі, мұздықтардың еруі, су тасқындары, құрғақшылық, шаңды дауылдар және басқа да мәселелер елеулі зиян келтіруде», – деп мәлімдеді.
Тәжікстанда 14 мың мұздықтың мыңнан астамы еріп кетті
2025 жылдың мамырында Душанбе қаласында өткен мұздықтарды сақтау жөніндегі бірінші халықаралық жоғары деңгейлі конференцияда Эмомали Рахмон:
«Қазіргі таңда Тәжікстандағы 14 мың мұздықтың мыңнан астамы толық еріп кеткен. Соңғы онжылдықтарда мұздықтардың жалпы көлемі шамамен үштен бірге азайды. Ал олар – Орталық Азия су ресурстарының 60 пайыздан астамы», – деген дерек келтірген.
Қырғызстан мұздықтары 16 пайызға азайған
Қырғызстан мұздықтары да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Соңғы 50–70 жылда олардың аумағы 16 пайызға азайған.
2024 жылы өткен БҰҰ-ның климат өзгерісі жөніндегі 29-конференциясында Садыр Жапаров:
«Егер қазіргі үрдіс сақталса, ғасыр соңына қарай мұздықтардың едәуір бөлігі жойылып кетуі мүмкін. Бұл жай ғана статистика емес – тұщы су көзі ретінде мұздықтарға тәуелді миллиондаған адамның өмірі мен әл-ауқатына тікелей қауіп», – деп атап өтті.
Дағдарысты тежеу
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы Тәжікстанның бастамасымен 2025 жылды Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы деп жариялады.
Мұздықтар – Жердегі барлық тұщы су қорының шамамен 70 пайызы. Шамамен екі миллиард адам осы ресурстарға тәуелді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы бағалауынша, мұздықтардан келетін тұщы су қоры азайса, бұл ауыл шаруашылығына, қалалық сумен жабдықтау және энергия өндірісіне зиян келтіреді. Шығын әлемдік жалпы ішкі өнімнің 4 триллион доллар көлеміне жуықтамақ.
Айта кететін жайт, Орталық Азияның сусыз сахараға айналу қаупі бар. 2050 жылға қарай Орталық Азия мұздықтарының 50%-ы жойылады.