Қазақстан Өзбекстанға 1 млрд доллар инвестиция құйған

Қазақстан кейінгі жиырма жылда Өзбекстан экономикасына 1 млрд доллар инвестиция құйған. Бұл туралы сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Өзбекстанға ресми сапары аясында жарияланған инфографикада айтылды.
Көрші елдер саудасы
СІМ таратқан мәліметке қарағанда, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда айналымы 2025 жылы 4,8 млрд долларға жетіп, сауда шамамен 16%-ға ұлғайған. Соның ішінде 3,5 млрд доллары – экспорт, ал 1,3 млрд доллары – импорт.
Көрші елдер сауда айналымын 2030 жылға қарай 10 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Осындай бағдарлама 2025 жылғы наурызда қабылданған.
Инвестиция көлемі
Бұған қоса, министрлік екі ел арасындағы инвестицияға қатысты тың мәлімет жариялады. Атап айтқанда, Қазақстан 2005-2025 жылдар аралығында Өзбекстан экономикасына 1 млрд доллар құйған. Ал өзбектер кейінгі жиырма жылда Қазақстанға 73,2 млн доллар салған.
Мәңгілік достық
Қазақстан мен Өзбекстан 1992 жылғы 23 қарашада дипломатиялық байланыс орнатты. Ал 1998 жылы Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылды. 2013 жылы көрші елдер Стратегиялық әріптестік туралы шарттасса, 2022 жылы Одақтастық қатынастар туралы маңызды құжат қабылдады.