
Kursiv Media зерттеуіне сәйкес, Қазақстанның жол-көлік оқиғалары (ЖКО) статистикасында соңғы екі жылда бұрын-соңды болмаған ерекше тренд қалыптасты. ҚР Бас Прокуратурасының мәліметінше 2026 жылдың алғашқы екі айының (қаңтар-ақпан) қорытындысы бойынша республикада 4 062 жол апаты тіркеліп, бұл көрсеткіш соңғы онжылдықтағы ең жоғары деңгейлердің бірінде тұрақтап отыр. Алайда сандарды тереңірек талдағанда, жолдардағы апаттылық пен оның қайғылы салдары арасындағы байланыстың үзілгенін байқауға болады.
Қазақстан Республикасы бойынша Жол-көлік оқиғаларының статистикасы
ЖКО және құрбан болғандар динамикасы (қаңтар-ақпан, 2015-2026 жж.)
Өңірлер бойынша ЖКО және құрбан болғандар саны (2026 ж. қаңтар-ақпан)
Республикалық динамика: апаттардың 136%-дық өсімі
Уақыттық динамикаға көз жүгіртсек, 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында елде небәрі 1 715 апат тіркелген болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 4 062-ге жеткен. Яғни, ЖКО саны не бәрі үш жылдың ішінде 136%-ға немесе 2,3 есеге өскен. Бұл күрт секіріс 2024 жылдан (2 635 ЖКО) басталып, 2025 жылы шарықтау шегіне (4 147 ЖКО) жетті.
Дегенмен басты сараптамалық жаңалық басқада: көлік апаттарының екі еседен астам өсуіне қарамастан, жолдардағы адам өлімі керісінше азайып келеді. Егер 2023 жылдың алғашқы екі айында жолда 236 адам көз жұмса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 222 адамға (6%-ға) азайған.
Бұл статистикалық қайшылық нені білдіреді?
Біріншіден, қазіргі тіркеліп жатқан апаттардың басым көпшілігі – адам өміріне қауіп төндірмейтін, тек материалдық шығын әкелетін «ұсақ» соқтығысулар. Екіншіден, бұл құқық қорғау органдарының ЖКО-ны тіркеу әдіснамасының өзгергенін немесе қаладағы жылдамдық шектеулерінің (кептелістер мен камералардың) өз нәтижесін беріп жатқанын көрсетеді.
Өңірлік диспропорция: Алматының феномені
Аймақтық бөліністегі сандар тіпті таңғаларлық. Жалпы республикалық ЖКО-ның 22,5%-ы (917 апат) тек Алматы қаласына тиесілі. Мегаполис көлік апаттары бойынша абсолютті көшбасшы. Бірақ апаттың осынша көптігіне қарамастан, Алматыда биылғы екі айда 8 адам қаза тапқан (республикалық өлім-жітімнің небәрі 3,6%-ы). Бұл қаладағы қалың кептеліс пен инфрақұрылымның көліктерге жоғары жылдамдықпен қозғалуға мүмкіндік бермейтіндігінің айқын дәлелі.
Астана қаласында да ұқсас жағдай: 302 апат тіркеліп, оның салдарынан 4 адам құрбан болған. Яғни, ірі мегаполистерде көліктердің соғылысу жиілігі жоғары болғанымен, олардың ауырлық деңгейі өте төмен.
Антирейтинг: өлім қаупі ең жоғары тасжолдар қайда?
Қалалық агломерациялардан тысқары аймақтардағы статистика мүлдем басқаша. Егер апат саны мен одан қайтыс болғандардың арақатынасын (өлім-жітім коэффициентін) есептесек, Қазақстанның ең қауіпті аймақтарының статистикасы шығады:
- Түркістан облысы: 154 апатқа 29 өлім жағдайы тиесілі. Яғни, әрбір бесінші апат адам өлімімен аяқталады (өлім-жітім деңгейі – 18,8%). Бұл республика бойынша адам шығыны ең көп тіркелген аймақ.
- Алматы облысы: 382 апат тіркеліп, 32 адам құрбан болған. Бұл аймақ республикалық өлім-жітімнің 14,4%-ын беріп отыр. Транзиттік күрежолдардағы жоғары жылдамдық осындай қайғылы салдарға әкелуде.
- Қарағанды облысы: Небәрі 57 апат тіркелгенімен, соның ішінде 12 адам көз жұмған. Бұл өңірдегі әрбір төртінші немесе бесінші ЖКО (21%) адам өліміне әкеліп соғады деген сөз – бұл республикадағы ең нашар пропорциялардың бірі. Солтүстік Қазақстан облысы: 58 апатта 10 адам құрбан болған (17,2%).
Статистика сандары көрсетіп отырғандай, Қазақстандағы автокөлік инфрақұрылымы екі түрлі сипатқа ие болды. Қала ішіндегі апат саны күрт өскенімен, олар негізінен «темірдің майысуымен» ғана шектелып жатыр. Ал нағыз трагедиялар – өңірлерді жалғайтын транзиттік трассаларда орын алып жатыр. Тиісінше, мемлекеттік бағдарламалардың басты фокусы қалаішілік айыппұлдардан гөрі, республикалық маңызы бар тасжолдардағы қауіпсіздік инфрақұрылымына (бөлу жолақтары, жарықтандыру) бағытталуы тиіс екенін осы сандар дәлелдеп тұр.