Қоғам

Қостанайда құрылыс компаниясының басшысы үйқамаққа алынды

Қылмыстық іс сотқа жолданды/фото: kursiv.media, Серикжан Ковланбаев

Қаржы мониторингі агенттігі «Bolashak Construction Company KZ» ЖШС басшысына қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу деректеріне сай, күдікті 2022-2024 жылдары «Семья» тұрғын үй кешенінің үлестік құрылысына қатысу сылтауымен жеке тұлғалардан қаражат тартуды ұйымдастырған. Алайда тиісті рұқсат құжаттары болмаған.

Азаматтармен пәтерлер мен коммерциялық нысандарды алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Жобаның заңды көрінісін қалыптастыру үшін әлеуметтік желілерде жарнама жүргізіліп, Қостанай қаласында кеңсе жалға алынған.

«Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде «Семья» тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысына 28 жеке және 1 заңды тұлғадан жалпы сомасы 162 млн теңгеден астам қаражат тартылған. Алайда күдікті бұл қаражатты нысанды белгіленген мерзімде аяқтамай, өз қалауы бойынша істеген», – делінген ақпаратта.

Қазір тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысы аяқталмаған. Сот санкциясымен күдіктінің мүлкіне, оның ішінде Hyundai Santa Fe автокөлігіне, үш бөлмелі пәтеріне және жертөле коммерциялық үй-жайларына тыйым салынды.

Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Бұған дейін «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ («ЕРДО») және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығына қатысты тергеуді аяқталды. Қаржы мониторингі агенттігі оларды лауазымдық өкілетін теріс пайдаланған және пара алған деп айыптап отыр.