Қымбатшылық байқала ма – Үкімет азық-түлік бағасы жөнінде есеп берді

Елде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсу қарқыны үш есе төмендеген. Бұл туралы Үкімет отырысында бірінші тоқсанның алдын ала қорытындысы айтылды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, наурызда азық-түлік бағасының орташа өсімі 0,3 пайызды құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш есе төмен.
Жалпы бірінші тоқсанда баға өсімі 1,2 пайызды құраған. Былтыр бұл көрсеткіш 3,8% болған. Үкімет мұны инфляцияның баяулауы деп бағалап отыр.
Бағаның төмендеуі, әсіресе, көкөніс өнімдерінде байқалған.
«Қырыққабат 1,9 пайызға, қызанақ 2,6пайызға, пияз 10,9 пайызға, қияр 22,6 пайызға, арзандады. Жыл басынан бері қияр бағасы 31,1 пайызға төмендеді», – деп хабарлады ведомство.
Ресми мәліметке сәйкес, баға мониторингі ел бойынша 12 мыңнан астам сауда нысанында жүргізіледі.
Еске салсақ, вице-премьер Серік Жұманғарин елде азық-түліктің қымбаттауын тек қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуінен көре беруге болмайды деп мәлімдеген еді.