Қытай көлігін тізгіндеп жүргендер шынайы пікірімен бөлісті

Бүгінде қытай көліктеріне көз үйренгенімен, әлі де алуға бола ма, әлде үйреншікті Еуропа, жапон, кәріс көліктері дұрыс па деп ойланатындар көп.
Бұрынғы жылдары көрші елден келетін көліктер жаңа, сынақтан өткізіп көргендер жоқ, айту қиын еді. Бірақ кем дегенде соңғы 2 жыл толықтай мініп, жүріп көргендер бар. Алғашқы эмоциялар мен жаңашылдықтың ыстық әсері басылып, тәжірибе бойынша шынайы пікір білдіретін уақыт жетті. Қытай көліктері нарықта өз орнын тапты, ал иелері олардың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы ашық айта алады. Әлеуметтік желі мен автофорумдардан шолып, 2 жылдық тәжірибесімен бөліскендердің пікірлерін жинадық. Осы уақыт ішіндегі тәжірибеден кейін қандай ой түюге болады?
Сатып алу кезінде бірден жақсы әсер қалдырады
Әлеуметтік желідегі жазылған пікірлердің көпшілігінде қытай көлігіне отырып көрген сәтте «алуым керек» деген шешім қабылданатыны туралы айтылады. Өйткені көптеген функциялары бар, электронды көмекшілермен жабдықталған. Бағасы салыстырмалы түрде арзан. Бәрінен бұрын мультимедиасы жарқырап тұр. Ортадағы үлкен экранда бәрі бар. Орындықтағы массажды қосып көрген соң, түбегейлі шешім қабылдайсың. Мұндай игіліктері жоқ Тайота ма, әлде су жаңа, бәрі бар қытай көлігі ма дегенде шешім автоматты түрде жаңа дейтінің түсінікті. Себебі эмоция бір-екі айға дейін басылмайды.

Алайда бірнеше ай өткен соң бастапқы әсер біртіндеп сабырлы көзқарасқа ауысады. Күнделікті пайдалану кезінде сатып алғанда байқалмайтын ұсақ-түйектер көріне бастайды. Мысалы, көп пікірлерде электроника мінсіз жұмыс істемейтінін айтады. Мультимедиа кейде баяу жауап береді, интерфейс толық ойластырылмағандай көрінеді, ал кейбір шешімдер түсініксіз болуы мүмкін. Байқаусызда соғып алсаң бөлшектері жоқ, Қытайдан алдыру қымбат әрі ұзақ уақыт күтесің. Арзандарының моторынан ақау шығып, 1000 шақырымға жүрмеген көлікті ТЖО-ға алып бара жатуың мүмкін. Әдетте құны 20 млн-нан жоғары көліктерден мін табу қиын болуы мүмкін, бірақ олардан да ұсақ-түйек байқап қаласың. Ал бағасы күн сайын түсетін сияқты көрінеді.
Алғашқы әсер, пікір өзгереді
Шамамен бір жылдан кейін сыртқы заманауи көріністің артында белгілі бір кемшіліктер бар екені байқалады. Салонда кейде сапасы жоғары емес материалдар қолданылған, дыбыс оқшаулауы күткендей деңгейде болмайды, ал суық мезгілде түрлі сықыр естілуі мүмкін. Жүріс бөлігі де назар аудартпай қоймайды: нашар жолдарда кейбір бөлшектер тезірек тозып, қосымша шығындарды қажет етеді.
Шанаққа қатысты сұрақтар да туындайды. Кейбір жүргізушілер бояу қабатының жұқа екенін, ал ұсақ зақымдардың тез пайда болатынын айтады. Қатаң климат жағдайында, әсіресе, қосымша қорғаныс жасалмаса, екі жыл ішінде тот басқаны көрінуі мүмкін.
Соған қарамастан, бұл көлік өзінің негізгі міндетін атқара береді – ол жүреді және көбіне айтарлықтай қиындық тудырмайды. Негізгі агрегаттар тұрақты жұмыс істейді, ал заманауи технологиялар күнделікті пайдалануды шынымен жеңілдетеді. Камералар, құрылғылар және жүргізушіге көмек көрсету жүйелері уақыт өте «ерекше мүмкіндік» емес, қалыпты қажеттілікке айналады.

Екі жылдан кейін жүргізушіде нақты түсінік қалыптасады
Әлеуметтік желідегі жүздеген пікірлерді қарап отырып, байқаған бір түйін: көпшілігі 2 жылдан кейін сатуды ойластырады. Алғашқы әсер басылған, баға түскен, бұдан да жарқыраған жаңа түрлері шыққан, тіпті кейбір үлгісінің 6 айдан кейін-ақ жаңартылған нұсқасы шығып, астындағы көлігі сәл ескіріп қалған.
Пікірлерге қарап тағы да жасауға болатын қорытынды: қытай көлігін сатып алу – қате шешім емес, бірақ мінсіз таңдау да емес. Мұнда артықшылықтар мен кемшіліктер қатар жүреді.
Бір жағынан, жүргізуші заманауи дизайны бар, технологиялық мүмкіндіктері мол және бағасы қолжетімді көлік алады. Екінші жағынан, уақыт өте келе кейбір бөлшектердің сапасы тұрақсыз болуы мүмкін екенін, пайдалану барысында ұсақ кемшіліктердің пайда болатынын және көлікті сату кезінде оның нарықтағы өтімділігі жоғары емес екенін түсінеді.
Қытай көліктерінің басты ерекшелігі олар гаджеттер сияқты. Мысалы, смартфондар жаңа шыққанда эмоция сыйлайды, iPhone 5 жыл, Xiaomi мен Huawei 3 жыл қолданыста болады. Техникалық тұрғыдан ай сайын жаңарады. Ары қарай бірден ескіреді, тіпті оларды техникалық қолдау жалғаспайды. Қытай көліктері де сол сияқты, жаңа кезінде мүмкіндігі көп, бірақ болашақта белгілі бір ымыраларға дайын болуды талап етеді. Бөлшегін ауыстырып, 15-20 жыл міне алмайсыз.
Пікірлерді шолып отырып, мына пікірге көзіміз түсті: «Алғашқы 2-3 жылда зауыттан шыққандай жүреді. Ары қарай лоторея. Сәтті жүруі мүмкін, сәтсіз болуы да. Бірақ алғашқы 2 жылдан кейін көпшілігі сатуға тырысады».
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстандағы қытай көліктерінің сапасы мен оларға сенім бар-жоғы туралы жазған едік.