Ресейдегі жаппай төбелестен кейін бірнеше қазақстандық қамалды

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Усть-Луга кентіндегі жаппай төбелеске қатысты ақпарат таратты. Оқиға 26 наурызда болған. Ресми дерек бойынша, бірнеше қазақстандық қамалып, үш адамға қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Бастапқыда тәртіпсіздіктерге жүздеген адам қатысқан. Оқиғадан кейін әртүрлі елдің 30-дан астам азаматы ұсталды. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін, ұсталғандардың басым бөлігі босатылды.
«Бірқатар тұлғаға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы сот шешімдері қабылданды. Тағы үш ҚР азаматына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккен немесе медициналық көмекке мұқтаж тұлғалар жоқ. Қазақстан азаматтарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр», – деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығының қызметкерлері Усть-Лугадағы вахталық кентте жұмыс істейтін қазақстандықтармен, оның ішінде жанжалдан кейін ұсталған азаматтармен кездескен.
«Сондай-ақ вахталық кенттің өзінде компания қызметкерлері (қазақстандық жұмысшылар мен учаске бригадирлері), Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары, жұмыс беруші компания мен күзет агенттігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Кездесу барысында орын алған жағдай сындарлы түрде талқыланып, алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу шаралары қарастырылды», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Усть-Луга кентінде шамамен 15 мың адам тұрады, бәрі – Ресейдің ірі экспорттық порттарының бірін салуға қатысатын түрлі мердігер ұйымдардың вахталық қызметкерлері.
Қазір кенттегі жағдай тұрақты. Оқиғаға қатысқан екі тарапқа қатысты тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр, нәтижесінде жанжалға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Әлеуметтік желіде қазақ жұмысшылары мен жергілікті күзетшілер жанжалдасып, арты жаппай төбелеске ұласқаны айтылды.