Жаңалықтар

Toyota-ның қытай технологиялары бар моделі шықты

Toyota жасаған bZ7 моделі / Фото: carnewschina
Toyota жасаған bZ7 моделі / Фото: carnewschina

Қытай технологиялары негізінде Toyota жасаған bZ7 моделі сатылым басталған алғашқы бір сағатта 3100 тапсырыс алды.

Кеше GAC-Toyota компаниясы өзінің жаңа толық электрлі ірі седаны – bz7 моделін ресми түрде таныстырды.

Бес түрлі комплектация

Сarnewschina ақпаратына қарағанда, көлік бес түрлі комплектацияда ұсынылып отыр. Субсидияны ескергенде бағасы 20 700 доллар мен 28 000 доллар аралығында. Көлік Huawei HarmonyOS 5.0 негізіндегі цифрлық панельмен, Momenta R6 ADAS жүргізушіге көмек жүйесімен және Huawei Drive ONE электр жетегімен жабдықталған.

bZ7 моделі 600 км, 700 км және 710 км жүріс қоры бар бес нұсқада ұсынылады. Бұл көлікке алдын ала тапсырыстар осы айдың басында қабылдана бастаған. Алғаш рет ол өткен жылы Shanghai Auto Show көрмесінде таныстырылған. Автоөндіруші жаңа модельдің бірден жеткізілімге дайын екенін мәлімдеді.

Жеті түрлі түс

bZ7 моделі GAC Toyota брендіне тән дизайнды көрсетеді. Алдыңғы бөлігінде көлденең LED жолағы және С-тәрізді шамдар орнатылған.  Олар өткір фаралармен және кең төменгі радиатор торымен толықтырылған. Артқы тіректен бастап көліктің артқы бөлігіне дейін купе-фастбэк стилінде жасалған. Яғни жартылай жасырын есік тұтқалары бар. Артқы жағында алдыңғы бөліктің дизайнын қайталайтын біріктірілген LED шамдар орнатылған.

bZ7 моделінің габариттері: ұзындығы – 5130 мм, ені –1965 мм, биіктігі –1506 мм, ал доңғалақ базасы –3020 мм. Базалық комплектациясында көлік 20 дюймдік дөңгелектермен жабдықталған және шанақтың жеті түрлі түс нұсқасында ұсынылады.

Қандай функциялары бар

Ішкі бөлігінде алдыңғы және артқы орындықтардың барлығы желдету, жылыту және массаж функцияларымен жабдықталған. Ал алдыңғы орындықтар екі қозғалтқышты құрылымға ие. Жолаушыларға жайлылықты арттыру үшін «салмақсыздық» әсері бар.

bZ7 моделі Huawei HarmonyOS 5.0 негізіндегі интеллектуалды цифрлық панельмен жабдықталған. Сонымен қатар ол Apple CarPlay жүйесімен үйлесімді.

Сандық кілт

Huawei MoLA процессоры негізінде жұмыс істейтін интеллектуалды дауыстық жүйе төрт аймақты тануды, үздіксіз диалог жүргізуді және бірнеше команданы бір уақытта орындауды қолдайды. Батырмалар сақталған.

Бұдан бөлек, bZ7 көлігі Xiaomi автомобиль экожүйесімен интеграцияланған. Оның ішінде көлік жүйесіне арналған Mi Home қосымшасы және болашақта шығарылуы жоспарланған Xiaomi магниттік Bluetooth батырмалары бар. Сондай-ақ автомобиль Huawei StarFlash сандық кілтімен жабдықталған.

Айта кететін жайт, қытайлық Jetour бренді Қазақстан нарығында бірнеше автокөлігінің бағасын арзандатты.