Жаңалықтар

Трамп: Иранның жаңа көсемі қаза тапқан немесе ауыр жараланған

Сейед Моджтаба Хосейни Хаменеи, Иранның жаңа жоғарғы көсемі
Моджтаба Хаменеи марқұм әкесінің орнына Иранның жаңа көсемі болып сайланған / фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жаңа жоғарғы көсемі, марқұм аятолла Хаменеидің ұлы қаза тапқан немесе ауыр жараланған деп есептейді. Ақ үй қожайыны Моджтаба Хаменеидің тағдырына қатысты болжамын тағы да қайталады.

«Ұлы қаза тапқан немесе ауыр жағдайда жатыр. Біз ол туралы ештеңе естімедік. Ол арамызда жоқ», – деп мәлімдеді Трамп Financial Times газетіне берген сұхбатында.

Басылым ресми Тегеранның көсем қазасы туралы түрлі мәліметтерді жоққа шығарып отырғанын ескертіп өтті. Иран билігі аятолла қауіпсіз жерде жүр деп мәлімдеген.

Естеріңізге сала кетейік, ақпанның аяғында – Ирандағы соғыс басталған уақытта елді ондаған жылдар бойы басқарып келген аятолла Әли Хаменеи АҚШ пен Израиль соққысынан мерт болған. 1 наурызда оның қазасын билік көпшілікке ресми естірткен.

Шамамен сол уақытта аятолланың Тегеран орталығындағы резиденциясына жасалған соққыдан лауазымы жоғары тағы бірнеше шенеунік мерт болғаны белгілі болған. Трамп бір ғана соққыдан 48 шенеуніктің көзін жойғанын мәлімдеген.

Ал 4 наурызда аятолланың ұлы Моджтаба Иранның жаңа жоғарғы көсемі болып сайланды.