Түркістанда өзенге құлаған 8 жастағы бала бір аптадан бері табылмай жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Түркістан облысы Келес ауданы
Келес өзені Сырдарияға құяды / фото: gov.kz

Түркістан облысы Келес ауданында абайсызда өзенге құлап кеткен сегіз жастағы бала бір аптадан бері әлі табылмай жатыр. Іздестіру жұмыстары тоқтаған жоқ.

Оқыс оқиға 23 наурызда түстен кейін сағат 17:00 шамасында болған. Анасының айтуынша, 2018 жылы туған бала Келес өзеніне құлап, суға батып кеткен.

Содан бері өңірде іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Оған Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, сонымен бірге баланың туыстары мен еріктілер жұмылдырылған.

Құтқарушылар Абай және Жүзімдік ауылдары аймағындағы ұзындығы 42 шақырым Келес өзенінің арнасын арнайы ілмектер мен арқандар пайдалана отырып тексеріп жүр.

Келес өзеніне ағып кеткен балані іздестіру
Құтқарушылар Келес өзенін сүзіп шықты / фото: Түркістан облысы ТЖД таратқан видеодан скриншот

Жүзімдік, Қызыләскер және Ғани Мұратбаев ауылдарының су жағалулары тексерілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің сүңгуірлері өзен беті бойынша 15 шақырым және су астында 900 метрді тексерді.

Бес дрон Келес өзені мен Сырдария жағалауы бойындағы ұзындығы шамамен 55 шақырым аумақты қарап шықты. Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін эхолот жабдығы мен сегіз жүзу құралы тартылды.

28 наурызда Қазығұрт ауданындағы шлюз жұмысы тоқтатылған. Ал ертесіне Өзбекстанның «Зах» каналының шлюзі жабылған. Бұл да су деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз