
Түркістан облысы Келес ауданында абайсызда өзенге құлап кеткен сегіз жастағы бала бір аптадан бері әлі табылмай жатыр. Іздестіру жұмыстары тоқтаған жоқ.
Оқыс оқиға 23 наурызда түстен кейін сағат 17:00 шамасында болған. Анасының айтуынша, 2018 жылы туған бала Келес өзеніне құлап, суға батып кеткен.
Содан бері өңірде іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Оған Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, сонымен бірге баланың туыстары мен еріктілер жұмылдырылған.
Құтқарушылар Абай және Жүзімдік ауылдары аймағындағы ұзындығы 42 шақырым Келес өзенінің арнасын арнайы ілмектер мен арқандар пайдалана отырып тексеріп жүр.

Жүзімдік, Қызыләскер және Ғани Мұратбаев ауылдарының су жағалулары тексерілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің сүңгуірлері өзен беті бойынша 15 шақырым және су астында 900 метрді тексерді.
Бес дрон Келес өзені мен Сырдария жағалауы бойындағы ұзындығы шамамен 55 шақырым аумақты қарап шықты. Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін эхолот жабдығы мен сегіз жүзу құралы тартылды.
28 наурызда Қазығұрт ауданындағы шлюз жұмысы тоқтатылған. Ал ертесіне Өзбекстанның «Зах» каналының шлюзі жабылған. Бұл да су деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.