
Танымал блогер Нұрбек Нұртаза да Жанабыловтардың сотына куә ретінде қатысты. Айтуынша, бір кездері өзі де курс сатып, ұтыс ойнатумен айналысқан.
Қылмыстық істегі прокурор Олжас Хайруллаев ұтыстың қалай ойнатылғанын сұрады. Нұртазаның айтуынша, курсты сатып алған адам «Поле чудес» ұтысына қатыса алған.
«(Жанабыловтар – ред.) әзірлеген курспен таныс емеспін. Біз олардан бұрын өткіздік. Қытаймен сауда жасауды үйрететін кез келген курстың базасы бір. Барлық жерде тіркелу, маркетплейс арқылы тапсырыс беру, әмиянды толтыру көрсетіледі», – деді куә Нұрбек Нұртаза.
Бір қызығы блогерлердің курстарын бір IT-маман әзірлген – Сұңғат Өтеболатов. Ал блогерлер ұйымдастырған курстардың мәнінде небәрі 10-15% айырмашылық болған. Мұны сарапшы Әсет Акбар айтқан.
Нұрбек Нұртаза ұтыс ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сөзінше, ұтыс ойнатуға қатысты хабарлама алғаннан кейін курс сатуды бірден тоқтатқан.
Даудың басы
2025 жылдың 18-21 тамызы аралығында Instagram-да @Zhanabylov_e және @elt6i аккаунты арқылы танымал блогерлер 10 автокөлік ойнататынын жариялады. Алайда тікелей эфирдің орнына қолданушыларға Zhana Business атты ақылы оқу курсының сілтемесі ұсынылған. Курс құны – 30 мың теңге. Ұтысқа қатысу үшін осы курсты сатып алу қажет болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсті.
Содан кейін туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тексеріс жүргізіліп, материалдар сотқа жолданғанын мәлімдеді.
Жанабыловтарға қатысты әкімшілік іс 2025 жылдың 5 қыркүйегінде басталды. Содан кейін сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтату туралы қаулы шығарды. Бұл істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, іс экономикалық тергеу департаментіне жолданатын болды.
Қылмыстық іс
Қылмыстық іс 2026 жылдың наурызында басталды. Тергеу дерегіне сәйкес, 2025 жылы блогерлер аса ірі көлемде ақша табу мақсатында қылмыс жоспарын құрған. Алайда оқырмандар 30 мың теңгеге сатып алатын видеокурстардың білім беру және экономикалық мәні болмаған. Сондай-ақ бұл курстар бұрын да басқа платформаларда жарияланған.
«Ережеге сәйкес, кепілдендірілген ұтыстар ретінде 10 дана Hyundai маркалы автокөлік, iPhone маркалы ұялы телефондар және 5 000, 10 000, 50 000, 500 000, 750 000 теңге, сондай-ақ 1 000 000 теңге және 2 000 000 теңге көлеміндегі жүлде қарастырылған. Жалпы жүлде қорының сомасы 200 000 000 теңгеден асқан. Бұл ретте олар курстарды сатудан шамамен 487 000 000 теңге қаражат тартуды жоспарлаған», – делінген айыптау актісінде.
Айыптау актісіне сәйкес, Жанабыловтың әрекеттері тұтынушыларды әдейі жаңылыстырған. Ол автокөлік ұтып алу мүмкіндігі туралы ақпарат таратқан, алайда тараптар арасындағы шарттық қатынастар тек онлайн-курстарды сатуды ғана қарастырған. Жүлде ұтысын ұйымдастыру Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшалар арқылы жүргізілген, ал ресми корпоративтік сайт немесе заңды тұлғаның аккаунты пайдаланылмаған.