Зейнетақы төлемдерінің 20%-ға қысқаратыны рас па

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілерде зейнетақы төлемдерінен 20% ұстап қалу туралы таралып жатқан ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Әлеуметтік желілерде deepfake технологиясын пайдаланып жасалған видеолар пайда болды.

«Белгісіз тұлғалардың ынтымақты зейнетақы төлемдері 20%-ға қысқартылады деген жалған мәліметі бар бейнероликтер таратып жатқанын хабарлаймыз. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз. Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделгенін еске саламыз», – делінген хабарламада.

Министрлік 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға артқанын еске салды.

«Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде жыл сайын кезең-кезеңімен ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 120%-ына дейін ұлғайтылуда», – деп түсіндірді ведомство.

Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110%-дан 118%-ге дейін ұлғайып, 60 005 теңгені құрады.

Еске салайық, зейнетақы жинақтарынан ақша алу үшін жеткілікті шегі 10 пайызға ұлғайтылады. Министр Асқарбек Ертаевтың айтуынша, зейнетақы жинақтарынан ақша алуды есептеу формуласы қайта қаралады. Тиісті қаулы жобасы әзірленіп, қазіргі уақытта келісу кезеңінде тұр.

Сондай-ақ оқыңыз