Қазақстанда бір жылда жол апатынан 2,4 мыңға жуық адам қаза тапты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: KursivMedia архиві

2025 жылы Қазақстанда 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл 2024 жылға қарағанда 14,4%-ға көп. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Жол апаттарынан 51 мыңнан астам адам зардап шегіп, 2 330-ы қаза тапқан.

Жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендердің саны артқанына қарамастан, өлім-жітім көрсеткіші төмендеген. 2024 жылмен салыстырғанда өлім көрсеткіші 9,7%-ға азайған.

Барлық жол-көлік оқиғасының үштен бірі Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелген. Ең апатты өңірлер антирейтингінде:

  • Алматы қаласы – 8 954 жағдай
  • Алматы облысы – 5 987 жағдай
  • Жамбыл облысы – 3 276 жағдай
  • Ақтөбе облысы – 3 053 жағдай
  • Атырау облысы – 2 785 жағдай

Жедел медициналық көмек қызметінің мәліметтері бойынша, жарақаттар бойынша түскен шамамен 796 мың шақыртудың 44 мыңы (5,6%) жол-көлік оқиғаларымен байланысты.

«Бригадалардың орташа келу уақыты халықаралық ұсыныстарға сәйкес – қалаларда шамамен 8 минут, ауылдық жерлерде 9 минут. «Алтын сағат» аясында зардап шеккендер 34 минут ішінде медициналық мекемелерге жеткізіледі. Бұл өлім-жітімді азайтуға және жарақат салдарының ауырлығын төмендетуге маңызды рөл атқарады»,– деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі.

Осыған дейін депутат Бақытжан Базарбек Алматыда үш кісінің өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы жіті тергеліп, жауапты басшылардың бәрі қызметінен кетуі керек деп мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз