Қандай электромобильдер қауіпті болуы мүмкін – мамандар кеңесі

2025 жылы Қазақстанда электромобильдердің саудасы төрт есе өсті. Сұраныстың артқанын ескере отырып, сарапшылар сертификаты жоқ көліктер мен қауіпті батареяларды сатып алмауға кеңес берді.
Қазақстанда электромобильдер нарығы қарқынды дамып келеді. «Қазақстан Автокөлік Одағының» хабарлауынша, 2025 жылы олардың ресми сатылымы төрт еседен көп болған. 2018-2025 жылдар аралығында республикаға NEV импорты 15 есеге артқан.
«2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстандағы жаңа энергия көздеріндегі көлік паркі 21 765 бірлікті құрады. Оның 21 мыңнан астамы жеңіл автокөліктер. NEV көліктерінің танымалдығы артқан сайын, оларды және электр қуаттау станцияларын пайдалану қауіпсіздігі мәселесі де өзекті бола түсуде» – деп атап өтті сарапшылар.
Қандай электрокөліктер қауіпті
ҚАО мамандары сертификатталмаған, ақауы бар батарея және арзан қызмет көрсететін электромобиль қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді.
«ЕАЭО-да қабылданған техникалық регламенттің сақталуы өте маңызды. Бұл Қазақстанға да қатысты, себебі ол пайдалану қауіпсіздігіне және ақаулы батареялары немесе жасырын кемшіліктері бар көліктерді сатып алу қаупін азайтуға тікелей әсер етеді», – деді QazAutoStandard автокөлік сарапшылары мен аудиторлары қауымдастығының президенті Ербол Сейпілов.
Басқа да сарапшылардың пайымы осыған саяды. Олардың айтуынша, сатып алушылар ресми жеткізілетін және сертификатталған электромобильдер мен гибридті көліктерді жиі таңдайды. Себебі мұндай техникада қауіпсіздікке басымдық берілген.
«Қазақстанда MyCharge станциялары желісі дамып келеді. Қазіргі таңда ол 9 қалада орналасқан және шамамен 30 ЭЗС нүктесін қамтиды. Дегенмен тек электромобиль сатып алу жеткіліксіз, оны дұрыс қуаттау да маңызды. Сертификатталған станцияларда немесе дұрыс орнатылған үйдегі станция болуы керек. Оны қауіпсіздік стандарттарына сай білікті маман орнатқан дұрыс. Сол арқылы көліктің қызмет мерзімі мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі», – деп атап өтті сарапшылар.
ҚАО президенті Анар Мақашева электромобильді сатып аларда келешектегі жөндеу жұмыстары мен оған қызмет көрсету мәселесіне аса мән беру керектігін айтты.
“Тұтынушыларға ескерту: электрокөлік – қуатты энергия жинақтағышы бар күрделі техникалық құрылғы. Оны қайдан сатып алып, қалай қызмет көрсететініңізді мұқият ойлау қажет. Сертификатталмаған көлікті немесе кәсіби мамандары жоқ сервисті таңдауға асықпаңыз. Қауіпсіздік үшін тек ресми дилерлер мен сертификатталған сервистерге жүгініңіз», – деп мәлімдеді Анар Мақашева.
Сарапшылар батареялардың қауіпсіздігін тәжірибе арқылы дәлелдеді. Олар BYD Blade Battery мен NCM аккумуляторын салыстырды. BYD Blade Battery батареясы сынақтан сәтті өтті. Мәселен, жол-көлік оқиғасы кезінде, NCM аккумуляторы жарылуы мүмкін, себебі құрамындағы кобальт пен марганец оттегімен әрекеттесіп, жоғары температураға дейін қызады. Ал BYD Blade Battery тесілген кезде жарылмайды және жанбайды. Халықаралық сарапшылар оны ең қауіпсіз әрі ұзақ мерзімді аккумуляторлардың бірі деп бағалайды.
Қазақстанның Автокөлік Одағының» (ҚАО) мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы екі айында ресми дилерлер 708 электромобиль сатқан. Бұл өткен жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 4,2 есе көп.