Алматыда ұсталған танымал блогер Әділетхан Молдахан бұрын істі болған

Алматы қалалық Полиция департаменті миллиондық аудиториясы бар блогер Әділетхан Молдахан бұрын сотталғанын ресми түрде растады. Қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында отырған күдіктінің криминалдық өткені туралы мәліметтерді «Курсив» басылымына ұсынды.
Қылмыстық істің егжей-тегжейі
ПД ақпаратына сүйенсек, Әділетхан Молдахан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен бөтеннің мүлкін ашық тонағаны үшін кінәлі деп танылған.
Оқиға 2023 жылдың наурыз айында болған. Қылмыстық топ үй сатып алу үшін ақшамен келген азаматқа шабуыл жасауды ұйымдастырған. Олар жәбірленушінің көлігін аңдып, әдейі тоқтатып, күш қолдану арқылы ақшасын иемденген.
Сот үкімімен фигурантқа бостандығын шектеу және пробациялық бақылау орнату жазасы кесілген.
Сондай-ақ, ведомство блогердің бұрын ішкі істер органдарында қызмет еткенін, бірақ «қызметкер атағына кір келтіргені және антына адал болмағаны үшін» теріс себептермен жұмыстан қуылғанын хабарлады.
Әлеуметтік желідегі нұсқа
Threads желісінде қолданушы Ілияс Бейімбет істің басқа да қызықты тұстарын жариялады. Оның айтуынша:
Сенімге кіру: Тоналған азамат Тараз қаласынан пәтер сатып алуға келген. Онымен бірге жүрген «досы» (блогердің сыбайласы) ақпарат беруші болған. Шабуылдаушылар медициналық маска киіп, күдік тудырмас үшін «ақпарат берген досқа» дезодорант шашып, жәбірленушіні соққыға жыққан.
Алғашқы хаттамада 55 млн теңге туралы айтылса, кейін жәбірленуші кенеттен жауабын өзгертіп, тек 1,5 млн теңге ұрланғанын мәлімдеген. Дәл осы соманың азаюы қылмыскерлердің түрмеге жабылудан аман қалуына септігін тигізген көрінеді.
Қазіргі жағдай
30 наурызда Әділетхан Молдахан қайтадан қамауға алынды. Бұл жолғы ұстаудың себебі – жалған ақпарат тарату күдігі. Блогер соңғы уақытта қоғамда үлкен резонанс тудырған адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасын белсенді түрде жариялап, өз нұсқасын ұсынған.