Жаңалықтар

Ақтаулық азамат түйесін тұрғын үй ауласына байлағаны үшін айыппұл арқалады

Ақтаулық азамат түйесін тұрғын үй ауласына байлағаны үшін айыппұл арқалады / Фото: instagram.com/112_aktau

Әлеуметтік желілерде Ақтаудағы бес қабатты үйдің жанындағы құбырға байланған түйенің видеосы тарап кетті. Ерекше роликті 112_aktau паблигі жариялады. Видео авторы: «Түйе кімдікі?» — деп сұрайды.

Lada.kz мәліметінше, ролик 13-шағын аудандағы №2 үйдің жанында түсірілген.

Қала әкімдігі оқиғаға жедел үн қатып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, жануардың иесін тапқанын хабарлады. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, түйе иесіне қайтарылды.

«Ол жауапқа тартылып, 3 АЕК мөлшерінде, яғни 12 975 теңге айыппұл төлейді», — деп атап өтті өңірлік полиция департаменті.

Ведомство малдың иесінің ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу» бойынша жауапкершілікке тартылғанын нақтылады.