Ақын Танагөз Толқынқызының үстінен сотқа шағым түсті

Танагөз Толқынқызының үстінен әлеуеметтік желідегі жазбасы үшін сотқа бір адам шағым түсірген. Бұл туралы ақынның өзі хабарлады.
Ол Астана қалалық Сарайшық ауданы полициясынан хабарласып, осы жайтты жеткізгені туралы парақшасында жазды
«Менің үстімнен 7-наурыз күні фейсбук парақшамда жарияланған «Қазақстан тәуелсіздігін сақтап қала алмайды» деген постыма e-gov арқылы бір адамнан шағым түскенін мәлімдеді. Мені 31-наурыз күні таңғы сағат онда Сарайшық ауданы полиция бөлімшесіне келуімді сұрады», – деп жазды Танагөз Толқынқызы.
Ақын полицияға адвокатсыз бара алмайтынын, адвокаттың шығындарын көтеру қажет екенін алға тартты. Айтуынша, бұл Танагөз үшін үлкен мәселе болып тұр. Себебі 2022 жылдан бері жұмыс істемейді. Табыс көзі болмағандықтан жеке кәсіпкерлігін 3 жыл мерзімге уақытша ресми түрде тоқтатқан.
«Жалпы мен халықтан ақша жинауға қарсы адаммын. Өйткені халықтың жағдайы дәл өзімдікі сияқты қиын жағдайда екенін білемін. Кредит төлеп, қалт-құлт етіп өмір сүріп жатқан елден ақша жинау адамдардың жүйкесіне тиеді», – деп жазды Танагөз Толқынқызы.
Ол адвокаттың шығындары мен еңбекақысын төлеу үшін өзінің кітаптарын сатуға шығармақ.
Айта кететін жайт, Танагөз Толқынқызы әлеуметтік желіде «Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды. Себебі ол сапасыз ұлтқа айналған. Принципі жоқ надан ұлт қалыптасты», – деп пікір білдірген еді.
Мұның алдында ақынға оның бұрынғы күйеуі Дәурен Берікқажыұлы қолдау білдірген еді.