
Әнші Bayansulu (Баянсұлу Сағындықова) мен композитор Қуат Әбіл арасындағы авторлық құқық төңірегіндегі текетірес жаңа мәліметтермен толықты. Әнші композитордың айыптауларын жоққа шығарып, бұл істе бұрынғы продюсері Әлишер Бурхановтың да қатысы бар екенін мәлімдеді.
«Әр ән 30 мың доллар»: Композитордың талабы
Баянсұлудың айтуынша, ол әндер үшін ақы төлеуден ешқашан бас тартпаған. Алайда, келісілген бағаның кенеттен үш есе өсіп кеткеніне наразы.
Әнші бұрынғы продюсерімен жұмысын тоқтатқан сәтте Қуат Әбіл әндердің авторлық құқығы өзінде екенін алға тартып, әр туындыны 30 мың долларға сатып алуды талап еткен.
«Әрине, бұл өте үлкен сомма, менде ондай ақша болған жоқ. Сондықтан «өшіре беріңіз» деп айттым. Содан кейін әндер YouTube-тан өшіп кетті», – дейді әнші.
15 млн теңгелік келісім неге іске аспады?
Уақыт өте келе тараптар ортақ мәмілеге келгендей болған. Әншінің айтуынша, олар барлық әндер топтамасын 15 млн теңгеге сатып алу туралы келіскен. Қуат Әбіл бұл ұсынысқа өз келісімін беріп, «қол берген».
Алайда, Баянсұлудың айтуынша, заңды құжаттарға қол қою сәтінде композитор айнып қалған:
Келісімнен 2 сағат өткен соң композитор әндерді сатудан бас тартқан. Әндерді барлық платформалардан жоятынын мәлімдеген. Артынша желіге эмоционалды видеоүндеу жариялаған.
Продюсердің көлеңкесі: Сыйлықтармен есеп айырысу
Баянсұлу бұл даудың артында оның бұрынғы продюсері Әлишер Бурханов тұрғанын да меңзеді. Продюсер мен композитор арасында әндер үшін бартер болған көрінеді.
«Продюсер композитормен келіссөз жүргізіп, қаржылай емес, қымбат сыйлықтар арқылы есеп айырысу туралы уағдаласқан. Мен тіпті композиторға сыйлық табысталған сәттің видеосын да жарияладым», – дейді Баянсұлу.
«Біз ақы жемейміз!»
Әнші өзінің жазбасында ешкімнің еңбегін тегін пайдалану ниеті болмағанын, керісінше әндерді сатып алуға дайын болғанын баса айтты.
«Біз сатып аламыз дедік әндерді! Біз ақы жемейміз! Еркектің қол бергені қазір қалай бағаланып жатыр?» – деп ренішін білдірді Баянсұлу.
Ресми келісімшарттың жоқтығы – басты қателік
Әнші өз сөзінде «Ұмытсам да» әніне толық гонор төлегенін айтады. Бірақ сол кезде ресми авторлық келісімшарт жасамағанын үлкен қателік ретінде мойындады.
Қазіргі таңда Bayansulu жалған ақпарат таратқандарға қатысты заң аясында шара қолданатынын ескертті. Ол композитор ұсынған сот құжатының әндерге еш қатысы жоқ екенін және бұл манипуляция екенін алға тартты.