Ерікті студенттердің шәкіртақысы артуы мүмкін

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
грант
Ерікті студенттердің шәкіртақысы артуы мүмкін / Фото: Shutterstock

Қазақстанда еріктілікпен (волонтерлік) белсенді айналысатын студенттердің шәкіртақысына үстемеақы қосу жоспарлануда. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

Вице-премьердің айтуынша, бүгінде волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып, қоғамдық өмірдің маңызды бөлшегіне айналды. Халықаралық волонтерлер жылы аясында арнайы Ұлттық ұйымдастыру комитеті құрылып, тиісті іс-шаралар жоспары бекітілген.

Білім беру жүйесіндегі жеңілдіктер

Еріктілер қызметін жүйелеу мақсатында білім беру саласында мынадай шараларды енгізу көзделіп отыр:

  • Оқуға түсу кезіндегі басымдық: Жоғары оқу орындары мен колледждерге мемлекеттік грантқа түсу кезінде волонтерлік қызмет қосымша коэффициент ретінде ескеріледі.
  • Еріктілік стажы: Гранттарды бөлу кезінде волонтерлік еңбек өтілі (мысалы, 300 сағаттан кем емес) қосымша критерий болады.
  • Шәкіртақыға үстемеақы: Студенттерді волонтерлікке тұрақты түрде тарту үшін белсенді еріктілерге арнайы үстемеақылар қарастырылады.
  • Мектептегі насихат: 7–11 сынып оқушылары үшін волонтерлікке қызығушылықты арттыратын факультативтік курстар енгізілуі мүмкін.
  • Мемлекеттік және азаматтық қызметке орналасу кезінде волонтерлік стажды есепке алу;
  • «Шапағат» мемлекеттік медалімен марапаттау арқылы волонтерлер еңбегін тану;
  • Еріктілердің өмірі мен денсаулығын қорғау жүйесін қалыптастыру.

«Цифрлық волонтер төлқұжаты»

Жаңашылдықтың басты құралы – волонтердің цифрлық төлқұжаты болмақ. Бұл жүйе еріктілердің қызметін растауға және олардың жұмысын жүйелеуге мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай цифрлық шешімдер волонтерлік қозғалыстың тиімділігін айтарлықтай арттырады.

Қазіргі уақытта бұл ұсыныстарды жүзеге асыру тетіктері талқыланып жатыр. Нәтижесінде барлық жеңілдіктер заңнамалық деңгейде бекітілетін болады.

Сондай-ақ оқыңыз