Қымбатшылық пен тоқырау: Ирандағы қақтығыс әлем экономикасына қалай әсер етеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ирандағы соғыс әлемдік экономиканы құлдыратады / Фото: shutterstock

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы әлемдік экономикаға үлкен қауіп төндіріп тұрғанын ескертті.

Қордың басшысы Кристалина Георгиеваның айтуынша, қақтығыс бұрынғы дағдарыстардан енді ғана ес жия бастаған елдерге ауыр соққы болып тиеді.

Әсіресе, сырттан мұнай сатып алатын Африка мен Азия елдері қазірдің өзінде жанармай тапшылығын сезініп, оны тым қымбат бағаға алуға мәжбүр болып отыр.

ХВҚ мамандары жағдайдың соңы жаппай қымбатшылық пен экономикалық дамудың тежелуіне әкелетінін нақты айтты.

Егер соғыс ұзаққа созылса, әлемде энергия бағасы түспей, инфляцияны ауыздықтау қиындап, геосаяси тұрақсыздық сақталып қалады.

Соғыс басталған ақпан айының соңынан бері мұнай бағасы күрт өсіп, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 115 доллардан асты. Бұған АҚШ әскерінің аймаққа келуі мен Президент Дональд Трамптың Иранның мұнай нысандарын жою туралы сесі де әсер етіп отыр.

Энергиядан бөлек, азық-түлік пен егінге қажетті тыңайтқыш бағасы да шарықтап кеткен. Бұл әсіресе кедей елдер үшін өте қауіпті, өйткені олардың халқы тапқан табысының басым бөлігін (шамамен 36 пайызын) тек тамаққа жұмсайды.

Сондықтан бағаның өсуі жай ғана экономикалық қиындық емес, халықтың наразылығы мен әлеуметтік толқуларға ұласуы мүмкін үлкен саяси мәселеге айналып барады.

ХВҚ бұл жағдайдың толық болжамын келесі айда Вашингтонда өтетін жиында егжей-тегжей таныстырмақ.

Сондай-ақ оқыңыз