Салық кодексіндегі өзгеріс: такси платформалары мен үкімет неге келісе алмай жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Таксистер салықты қалай төлейді / Фото: shutterstock

Жаңа Салық кодексіне сәйкес, бұдан былай InDrive немесе Aparu сияқты сервистер әр тапсырыстан түскен ақшаның бір бөлігін әлеуметтік төлем ретінде ұстап қалып, мемлекетке өздері аударуға тиіс. Алайда бұл бастамаға бизнес өкілдері қарсы шығып отыр. Осы мәселе Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің кезекті отырысында талқыланған.

Бизнес иелерінің айтуынша, нарықта жұмыс істеудің екі жолы бар. Біріншісі – ақша платформа арқылы өтетін модель (мысалы, InDrive). Мұнда салықты ұстап қалу қиын емес. Екіншісі – жолаушы ақшаны жүргізушіге қолма-қол немесе тікелей аударыммен (P2P) беретін модель (мысалы, Aparu).

Бұл жағдайда платформа ақшаны көрмейді, сондықтан одан салық ұстап қалу мүмкін емес. Егер мемлекет барлық төлемді платформа арқылы өткізуді міндеттесе, банк комиссиялары қосылып, такси бағасы кемінде 4%-ға қымбаттайды.

Сондықтан кәсіпкерлер жүргізушілерге салықты бұрынғыша өз бетінше төлеуге рұқсат беруді сұрайды.

Алайда Қаржы және Еңбек министрліктері бұл жеңілдікке түбегейлі қарсы шығып отыр. Мемлекеттік органдардың пайымдауынша, жаңа жүйе нарықты көлеңкеден шығарудың ең тиімді жолы және ол қазірдің өзінде нақты нәтиже көрсетіп отыр.

Мәселен, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мемлекет барлық қатысушысы біртұтас цифрлық бақылауға алуды көздейтінін және қазірдің өзінде 33 оператордың 27-сі осы жаңа жүйеге көшіп үлгергенін атап өтті.

Ал Еңбек вице-министрі Бахтияр Жазықпаев платформалық жұмыс арқылы тек зейнетақы жарналарының өзі 3,7 млрд теңгеге жеткенін, бұл талаптан бас тарту бюджетке түсетін түсімдерді азайтып жіберетінін жеткізді.

Жиын қорытындысы бойынша, Үкімет Салық кодексінің негізгі логикасын, яғни салықтардың орталықтандырылған және ашық жиналу принципін өзгертпеуге бекінді.

Бұған дейін Қазақстанда такси жүргізушілері мен автомектептерге бақылау күшейетіні хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз