Lifestyle

Қайрат Нұртастың әкесі: «Төбелестің арқасында оқуға түсіп кеттім»

Қайрат Нұртастың әкесі / Фото: Нұртас Айдарбековтың Instagram парақшасы

Белгілі әнші Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков Алматыдағы Политехникалық институтқа қалай оқуға түскені туралы журналист Аман Тасығанның TALK LIKE бағдарламасында айтып берді.

Айдарбековтың айтуынша, 1987 жылы Ақмолада Көлік құрастыру зауытында жұмыс істеп жүрген кезінде Алматыдағы оқу орнына студенттер қабылданып жатқанын біліп, зауыттың жолдамасымен оңтүстік астанаға келген.

Оқуға түсуге келген абитуриент жоғары курстың студенттерімен төбелесіп, олардың бірі Айдарбековке пышақ сұғып алған. Жарақат алғаннан кейін полиция келгенде, Айдарбеков арыз жазудан бас тартқан.

«Сол кездегі заңның қаттылығы ғой, мен арыз жазсам, ректор да, декан да, бәрі жұмыстан кетеді екен. Айдалада жүрген біреудің баласы төбелесіп, ректор жұмыстан кетіп қалады. Ректор да, декан да қуанған көрінеді: «мынау арыз жазбады, біз орнымызда қалдық» деп. Емтихан болып жатыр, ешнәрсе білмеймін. Ешкімге көмек келмейді, менің жаныма бір мұғалім келеді де, жауаптарын айтып кете береді. Оқуға түсіп кеттім. Төбелестің арқасында, пышақталғанның арқасында оқуға түсіп кеттім», – деп күлді Айдарбеков.

Бұған дейін Гүлзира Айдарбекова махаббат жоқ дегені үшін күйеуі Нұртас Айдарбековті қыспаққа алып, сұрақты қарша жаудырғанын жазған едік.