
Сая Оразғалиева өзі үшін не маңызды екенін, қарым-қатынаста материалдық байланыстан гөрі эмоциялық байланысты артық көретінін айтты.
«Әрине, мен үшін эмоциялық байланыс маңызды. Бірақ бұл тек мен үшін ғана. Ешкімге ештеңе таңбаймын. Саналы ғұмырымда, қаржы жағына келгенде, тек өзіме ғана арқа сүйеймін», – дейді актриса.
Өзінің айтуынша, ол осы уақытқа дейін ешкімнің қолына қараған емес. Өйткені, жастайынан ақша таба бастапты.
«Сосын мен ақша сұрай алмаймын. Тіпті, ол адам күйеуім болса да! Бұл қарапайымдылық па, әлде, өзімшілдік пе, ол жағын анық білмедім, әйтеуір өзімде ұдайы ақша болуы керек», – дейді Сая Оразғалиева.
Балалары туған соң, қағидаты күшейе түскен.
«Эмоциялық байланысқа келсек, мен эмпатпын (өзге адамдардың жан дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну қабілеттілігі – ред). Мен үшін маңызды нәрсе – ол адам менің эмоциялық ахуалымды сақтай білуі керек. Төбемнен ақша жаудырғаннан гөрі назар бөліп, қамқорлығын, махаббатын, тілектестігін көрсеткені артық», – дейді актриса.
Мұның алдында Сая Оразғалиеваға полиция үшінші рет айыппұл салғаны белгілі болды.