
«Сибур» компаниясына тиесілі Ресейдегі ең ірі «Нижнекамскмұнайхимия» мұнай-газ химиясы зауытында жойқын жарылыс болып, арты өртке ұласты. Екі адам қаза тапты, деп хабарланады компанияның сайтында.
Төтенше жағдай Татарстан Республикасындағы Нижнекамск қаласында болған.
«Нақтыланған мәліметтер бойынша, «Нижнекамскмұнайхимиядағы» оқиға салдарынан екі адам қаза тапты. Сегіз адам ауруханаға жатқызылды. Медициналық көмекке жүгінген қалған 64 адам жеңіл дәрежедегі жарақаттар алған, атап айтқанда, оқиға салдарынан сынған терезе әйнектерінен денелерін тіліп алған және соққы алған, оларға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді», – делінген «Сибур» хабарламасында.
Онда оқиғаның алдын ала себебі ретінде жабдықтың жұмысындағы ақау көрсетілген.
Татарстан Республикасы бойынша Тергеу комитеті РФ Қылмыстық кодексінің 217-бабы («Қауіпті өндірістік объектілердің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.