Жаңалықтар

Министр Қазақстанда инновациялық штаб құруды ұсынды

Фото: Ukimet

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек инновациялық штаб құруды ұсынды. Бұл туралы ол үкімет отырысы барысында мәлім етті.

«Инновациялық қызметке қатысты тәсілдердің жалпы трансформациясын қысқаша таныстыруға рұқсат етіңіздер. Қазір жаңа модель қалыптасып жатыр, ол анағұрлым тұтас, қолданбалы және экономикалық нәтижеге бағытталған. Бұл модельдің негізінде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (TRL 4–6 кезеңдері) қолдау жатыр. Сонымен қатар, бірыңғай инновациялық экожүйе қалыптастырып, бизнеске салықтық жеңілдіктер беру және өңірлердің рөлін күшейту көзделген», – деп түсіндірді министр.

Министр бұл идеядан бастап нарыққа дейінгі процесті біртұтас жүйеге біріктіретін үздіксіз инновациялық циклге көшу екенін айтты.

«Бұл – инновациялық саясатты трансформациялаудың басты мәні. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдар мен даму институттарының іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік беретін бірыңғай үйлестіруші тетік ретінде Инновациялық штаб құру ұсынылады», – деді ол.

Айта кетейік, Саясат Нұрбек елде инновациялық жобаларды коммерцияландыру үшін тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ТКЖ) грант беру ұсынды.