Әл-Фарабидегі апат жайлы айтқан Әділетхан Молдахан 10 тәулікке қамалды

Заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан 10 тәулікке қамалды. Бұл туралы Алматы қалалық полициядан хабарлады.
«Алматы қаласы Полиция департаменті көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Соттың қаулысымен бұрын тонау қылмысын жасаған күдіктіге қатысты 10 тәулік мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», – деп жазылған хабарламада.
Тергеу жүріп жатқандықтан басқа мән-жайы жария етілмеді.
Молдаханды 31 наурызда қамауға алды. Одан жалған ақпарат таратты деп күдіктеніп отыр.
Әділетхан Молдахан – заңгер, парақшасында миллион оқырманы бар. Әл-Фарабидегі жол апатына қатысты бірнеше видео жариялаған, оның ішінде заңсыз жарыстарды ұйымдастыруға полицияның да қатысы бар деген. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әділетханның видеоларын негізге ала отырып, полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекет туралы айтқан.