
Air Astana Дубайға ұшатын рейстерді сәуірдің аяғына дейін тоқтатады. Бұл туралы әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлайды.
Таяу Шығыстағы қақтығыс әлі жалғасып жатқандықтан, Air Astana Алматы мен Астанадан Дубайға ұшатын тұрақты рейстерді тоқтату мерзімін 1 сәуірден 30 сәуірге дейін ұзартуға мәжбүр болып отыр.
Соған байланысты әуе компаниясы ұшпай қалған рейстердің жолаушыларына бірнеше ұсыныс жасады:
- билет құны толық қайтарылады (айыппұлсыз);
- жолаушылар Дубайға 30 маусымға дейін ұшатын рейстерді тегін қайта брондай алады;
- әуе компанияның басқа бағыттарына айыппұлсыз қайта брондауға болады (тариф айырмасы мен әуежай алымдары бойынша қосымша төлем болуы мүмкін), сапар мерзімі 30 маусымға дейін.
Әуе компаниясы Таяу Шығыстағы ахуалды мұқият бақылап отырғанын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға шабуылдады. Артынша Тегеран Израильді, сонымен бірге Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базалар мен басқа да маңызды инфрақұрылым нысандарын атқылады. Ондаған ел әуе кеңістігін жабуға мәжбүр болса, әуе компаниялары соғыс жүріп жатқан аймаққа қатынауды доғарды.
Айта кетейік, жақынға ғана Қазақстан сыртқы істер министрлігі Мысырды қауіпті елдер тізімінен шығарған.