
Қазақстанда алғаш рет жасөспірімнің жүрегіне трансплантация жасалды. 43 жастағы ер адамның жүрегін 15 жастағы жасөспірімге салды. Бұл елдегі бала трансплантологиясын дамытудағы маңызды қадам деп хабарлайды Астанадағы UMC Жүрек орталығы.
Науқастың он жасынан бастап жүрегі ауырған. Жағдайы жиі нашарлап, үнемі ауруханада ем қабылдауға тура келген. Оның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы трансплантация болды.
Ал донор – 43 жастағы ер адам. Донар болған адамның миы өліп, диагнозы белгілі болғаннан кейін туыстары дене мүшелерін донорлыққа алуға келісім берді.
«Олардың қабылдаған шешімінің, сондай-ақ дәрігерлер мен транспланттау бригадасының үйлесімді жұмысының арқасында жасөспірімде жаңа, толыққанды өмірге нақты мүмкіндік пайда болды. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы қанағаттанарлық және ол жансақтау бөлімінен бейінді отадан кейінгі бөлімге ауыстырылды», – деп хабарлады Жүрек орталығы.
Бұл отаның елдің денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызды екенін ескере отырып, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова науқасқа арнайы барып, жағдайын біліп қайтқан.
Қазір елімізде ағзаны транспланттау бойынша күту парағында 123 кәмелетке толмаған науқас тұр, оның ішінде 9 балаға жүрек ауыстыру қажет. Балаларға жүрек трансплантациясын әлемнің санаулы елдері ғана жасайды, ал барлық отаның 80%-ы АҚШ клиникаларына тиесілі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы қайтыс болған донорлардан жасалған трансплантация саны 2,6 есеге көбейген. Елде бүгінде 11 трансплантаттау орталығы жұмыс істейді.