Ақтөбе, Семей, Арқалық және Қонаевта 1,6 млрд теңгенің спорт кешендері салынады

Қазақстанның төрт қаласында құны 1,6 млрд теңге тұратын шағын спорт кешендері салынады. Жобаларды «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қаржыландырады.
Атап айтқанда, мұндай спорт кешендері Ақтөбе, Семей, Арқалық және Қонаев қалаларында ашылады.
Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, жалпы ауданы 2 мың шаршы метр болатын екі қабатты орталықта әртүрлі спорт түрлеріне арналған зал, 100 көрерменге арналған трибуна, күрес және бокс залдары, тренажер залы мен қосалқы бөлмелер қарастырылған. Кешен Семей қаласының оң жағалауында, Сәтбаев көшесінде орналасады.

«Жобаны жүзеге асыруға шамамен 1,6 млрд теңге бөлініп, құрылыс келесі жылы аяқталады. Осындай кешендер Ақтөбе, Арқалық және Қонаев қалаларында да салынады», – деп таратты облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек 2026 жылы Samruk-Kazyna Trust арқылы елдің бірнеше өңірінде ерекше қажеттілгі бар балалар мен ересектерге арналған инклюзивті спорт орталықтарының құрылысы басталады. Қор тұжырымдамасына сәйкес, мұндай орталықтарда спорт залдары, бассейн, медициналық және физикалық оңалту бөлмелері, оқу және әлеуметтену аймақтары, сонымен бірге қонақүй нөмірлері болады.

Қазір «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар атынан 19 спорт кешені жұмыс істеп тұр. Олар 700 мыңнан астам адамға спортпен айналысуға мүмкіндік береді.