Базалық мөлшерлеме төмендей ме: Ұлттық банк нарықтың бейімделуін күтіп отыр

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов әлемдік нарықтағы жағдай сәт сайын өзгеріп жатқандықтан, бас банк базалық мөлшерлемеге қатысты қандай шешім шығаратынын айтуға әлі ерте екенін айтты.
«Базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешім 26 сәуірде шығады. Оған дейін сыртқы нарықта да, ішкі нарықта да көптеген өзгеріс болуы мүмкін. Осы уақытқа дейін жанар-жағармай бағасы, коммуналдық тариф құны қалай өскенін, бизнес жаңа салық өзгерістеріне қалай бейімделгенін байқаймыз. Сондықтан базалық мөлшерлемеге қатысты шешім туралы айтуға әлі ерте», – деді Сүлейменов.
2026 жылдың І-ІІ тоқсанында экономика жаңа талаптарға бейімделеді. Сүлейменовтің айтуынша, жылдық және айлық инфляция, инфляцияға қатысты болжам төмендейтін болса, онда ақша-несие саясаты жұмсаруы ықтимал.
«Жағдай күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатқандықтан, арбаның алдына түскім келмейді», – деді ол.
Қазір негізгі мөлшерлеме 18 пайызды құрайды. Ұлттық банк бұған дейінгі шешімінде негізгі көрсеткішті өзгеріссіз қалдырған.
«