Жаңалықтар

Италия әлем чемпионатына тағы шыға алмаса, Түркия мундиальға қайта оралды

Италия әлем чемпионатына өте алмады
Италия шабуылшысы Франческо Пио Эспозито / фото: REUTERS/Matteo Ciambelli

2026 жылғы жазда өтетін әлем біріншілігіне Еуропадан тағы бірнеше құрама жолдама алды. Олардың арасында Түркия бар да, Италия жоқ.

Ширек ғасырдан соң

Түркия құрамасы 24 жылда алғаш рет дүбірлі додаға шықты. Түрік футболшылары Еуропадағы іріктеу сынының плей-офф кезеңінде сырт алаңда Косово құрамасын 1:0 есебімен жеңді.

Түркия әлем чемпионатына жолдама алды
Түрік футболшысы Керем Ақтүрікоғлу жеңіс голын осылай тойлады / фото: REUTERS/Valdrin Xhemaj

Аса тартысты өткен матчтағы жалғыз голды ойынның 53-минутында жартылай қорғаушы Оркун Кёкчю соқты. Түркия ширек ғасырға созылған үзілістен соң әлем чемпионатына жолдама алды. Құрама D тобында АҚШ, Аустралия және Парагвай командаларымен күш сынайды.

Түрік футболшылары мундиальға соңғы рет 2002 жылы қатысып, қола жүлдегер атанған.

Сенсация

Ал Италия құрамасы болса қатарынан үшінші мәрте әлем біріншілігіне өте алмай қалды. Олардың жолын Босния және Герцеговина футболшылары кесті. Плей-оффтағы осы матчтың нәтижесі іріктеу сынындағы ең үлкен сенсацияға айналды.

Босния футбол жанкүйерлері
Босния және Герцеговина жанкүйерлерінің қуанышында шек жоқ / фото: REUTERS/Matteo Ciambelli

1 сәуірге қараған түні Зеница қаласында өткен матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Ойынның 4-минутында-ақ Италия футболшысы Мойзес Кин есеп ашқан. Алайда 79-минутта алаң иелерінен Харис Табакович есепті теңестіріп кеткен.

Қосымша уақытта гол соғылған жоқ, бірақ пенальтиде Босния және Герцеговина футболшылары 4:1 есебімен басым түсті. Осылайша, Италия тағы да әлем чемпионатына өте алмай қалды. Құрама 2018 және 2022 жылдары да мундиальға шыға алмаған.

Ал ірі сенсация жасаған Босния және Герцеговина енді дүбірлі доданың финалында Канада, Қатар және Швейцария құрамаларымен бір топта ойнайды.

Басқа да матчтар

Әлем біріншілігіне Чехия мен Швеция да бара жатыр. Чехтар өз алаңында Даниямен кездескен. Ойынның негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталғанымен, пенальтиде Чехия басым түсті (3:1).

Ал Швеция болса өз алаңында Польша құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, дүбірлі додаға жолдама алды.

Әлем чемпионаты 2026 жылғы 11 маусымда басталып, 19 шілдеде аяқталады. Біріншілік АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтеді.