Жаңалықтар

Израильде сотталған палестиналықтарды өлім жазасына кесу туралы заң қабылданды

Израиль
Израильде сотталған палестиналықтарды өлім жазасына кесу туралы заң қабылданды / Фото: x.com/ @idfonline

Израиль парламенті (Кнессет) дүйсенбі күні террористік шабуылдар үшін сотталған палестиналықтарға стандартты жаза ретінде өлім жазасын белгілейтін заң қабылдады, деп жазады ВВС.

Заң үшінші және соңғы оқылымда қабылданды: оған 62 депутат қолдап дауыс берсе, 48-і қарсы болды. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл бастаманы қолдады.

Заңға сәйкес, Израиль оккупациялаған Батыс жағалаудағы Израиль әскери соттары тарапынан «террористік акт» деп танылған шабуылдар үшін сотталған палестиналықтар 90 күн ішінде асу арқылы өлім жазасына кесілуі тиіс. Жазаны орындауды 180 күнге дейін шегеру мүмкіндігі бар, бірақ кешірім жасау құқығы берілмейді.

Теориялық тұрғыда заң израильдіктерге де қолданылуы мүмкін, бірақ іс жүзінде бұл екіталай, өйткені өлім жазасы шабуылдың мақсаты «Израиль мемлекетінің өмір сүруін жоққа шығару» болған жағдайда ғана қарастырылған.

Израильде сотталған тұтқындар үшін өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылуы мүмкін. Сыншылардың пікірінше, бұл өлім жазасы іс жүзінде тек палестиналықтарға ғана қолданылып, дәл сондай қылмыс жасаған еврей-израильдіктерге қолданылмайтынын білдіреді.

Заңды 2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС шабуылдарынан – Израиль тарихындағы ең қанды күннен кейін оңшыл радикалды күштердің өкілдері белсенді түрде алға тартты.