Жаңалықтар

12 мыңға жуық бала Ұлттық қордан түсетін ақшадан айырылған

Фото: shutterstock

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 12 мыңға жуық бала азаматтық ауыстыруына байланысты төлем алу құқығынан айырылды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) Informburo басылымына берген мәліметі бойынша, 2024 жылы тізімнен 3 148 адам, ал 2025 жылы 8 757 бала шығарылған.

Бағдарламадан шығарылған қатысушылардың шоттарынан шамамен 2,4 млн доллар кері қайтарылды. Оның 325,4 мың доллары 2024 жылы, ал 2,1 млн доллары 2025 жылы есептен шығарылған.

Алайда бұл қаражат жоғалған жоқ: қайтарылған нысаналы талаптар бағдарламада қалған басқа балалар арасында толықтай қайта бөлінген.

БЖЗҚ түсіндірмесіне сәйкес, бір қатысушыға шаққандағы төлем мөлшері есепті жылдың соңындағы балалардың жалпы санына бөлу арқылы есептеледі. Осылайша, есептен шығарылған сомалар қалған қатысушылардың жылдық есептемесіне қосылды.

Азаматтықты ауыстырудан бөлек, қатысушылар туған күні туралы мәліметтердің қате көрсетілуі немесе қайтыс болуына байланысты да тізімнен шығарылуы мүмкін.

Дегенмен, қатысушы қайтыс болған жағдайда оның жинақталған қаражаты мемлекетке қайтарылмайды, заңнамаға сәйкес мұрагерлеріне беріледі.

Мұрагерлер бұл қаражатты алу үшін БЖЗҚ-ға жүгініп, уәкілетті банктердің бірінен долларлық шот ашуы қажет. Мұрагерлік жолмен алынған ақшаны кез келген мақсатқа шектеусіз пайдалануға рұқсат етілген.

2024 жылы басталған «Ұлттық қор – балаларға» жобасына биыл үш жыл толды. Осы уақыт ішінде 7 миллионға жуық қазақстандық баланың шотына жалпы сомасы 2,5 млрд доллардан астам қаражат жиналды. Бұл қаражат Ұлттық қордың инвестициялық табысынан бөлініп отыр.