Жаңалықтар

23 млрд теңгелік зауыт 0 теңгеге: миллионер Балушкиннен қалған мұра кімге бұйырады

Балушкинге тиесілі болған зауыт сатылымға шықты / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Шығыс Қазақстанның өндірістік әлеуетінің символына айналуға тиіс болған, бірақ соңы дау-дамайға ұласқан «Азия Авто» автоқұрастыру зауытының тағдыры шешілер сәт жақын. Экс-миллионер Анатолий Балушкинге тиесілі болған, құрылысы бітпеген зауыт құрылысы сатылымға шығарылды. Бір қызығы, бағалау құны 23 млрд теңгеден асатын нысанның сауда-саттықтағы бастапқы бағасы небәрі 0 теңге деп көрсетілген.

Тегін мүлік пен қатаң шарт

Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті бұл лотты наурыз айының ортасында жариялады. 7 сәуірге жоспарланған аукционның басты ерекшелігі – актив тегін берілмек.

Алайда бұл кез келген адам иелік ете алатын олжа емес. Сауда-саттық талаптарына сәйкес, зауыт тек мемлекеттік заңды тұлғалар немесе әлеуметтік қызмет көрсету субъектілеріне беріледі.

Үміткерлер өтініш беру кезінде мүліктің нақты не үшін қажет екенін негіздеп, әкімдіктен тиісті қорытынды ұсынуға тиіс. Егер үміткерлер саны көп болса, нысан өтінімді бірінші болып берген тарапқа бұйырады.

23 миллиардтық «мұра» неден тұрады?

«ФениксКоммерц» бағалау компаниясының есебінше, «Азия Авто» зауытының нақты құны 23 267 885 900 теңгені құрайды.

Өскемен қаласының әкімшілік аумағында (Егоров көшесі, 14/4, 14/5 ғимараты және Глубоковский ауданында) орналасқан. Бұл нысан – толық циклді автозауыт пен автобөлшектер шығаратын технопарк құрылысына арналған ірі өндірістік кешен. Нысанның жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған, алайда қазіргі уақытта тікелей мақсатында пайдаланылмай отыр.

Кешен жалпы аумағы 515 гектардан асатын төрт ірі жер телімін қамтиды. Оның ішінде Глубоковский ауданындағы 331,8 га және 167,3 гектарды құрайтын екі алып учаске, сондай-ақ Өскемен қаласының ішіндегі 16 га жуық жер бар. Барлық жер телімі өнеркәсіптік мақсатқа арналған.

Нысан аумағында өндірістік және әкімшілік мақсаттағы 40-қа жуық ғимарат орналасқан:

  • Өндірістік қуат: Ауданы 22 576 шаршы метр болатын негізгі зауыт корпусы, бетон-ерітінді торабы, сұрыптау кешені және жалпы ауданы 6000 шаршы метрден асатын 8 бірдей ангар.
  • Әкімшілік-тұрмыстық блок: Үш қабатты және екі қабатты бірнеше әкімшілік корпус, жұмысшылардың уақытша тұруына арналған 3 бірдей корпус және асхана ғимараты.
  • Қосалқы нысандар: Өрт сөндіру депосы, трансформаторлық қосалқы станциялар, сорғы станциялары және қоймалар.

Зауыт аумағында құмды қиыршық тас қоспасының қоймасы мен дайын өнімдерді сақтауға арналған ашық алаңдар бар. Кешеннің айналасы толық қоршалған, кіреберіс жолдары жеңіл және ауыр жүк көліктері үшін ыңғайлы жасалған. Нысанды бағалау кезінде оның құрамындағы барлық тауар-материалдық құндылықтар да есепке алынған.

Дегенмен болашақ иегерді тек мүлік қана емес, құқықтық қиындықтар да күтіп тұр. Қазіргі уақытта нысанға тұтастай бұғат (арест) қойылған. Бұл мәселені шешу жауапкершілігі жаңа қожайынның иығына түсуі әбден мүмкін.

Сырттай сотталған Балушкин

Бұл нысанның тарихы кәсіпкер Анатолий Балушкиннің атымен тікелей байланысты. «Бипэк Авто – Азия Авто» холдингінің басшысы болған оған Lada Vesta көліктерін құрастыру зауытын салу үшін бөлінген 230 млрд теңгені жымқырды және заңсыз жолмен тапқан табысты заңдастырды деген айып тағылған.

Бизнесмен тергеу басталған соң Ресейге қашып кетіп, сол елдің азаматтығын алған. 2025 жылдың 16 сәуірінде Өскемен соты Балушкин мен оның серіктесі Сағымбаевты сырттай кінәлі деп танып үкім кесті. Зауыттың бір бөлігі тәркіленсе, бір бөлігі қарызын, соның ішінде Jusan Bank алдындағы берешекті өтеуге бағытталған.

Зауыт болашағы не болмақ?

Бұған дейін зауытты бірнеше рет (2022 және 2023 жылдары) сатуға талпыныс болғанымен, сот шешімдері мен борышкерлердің шағымдарына байланысты тоқтап қалған еді. 2024 жылы ШҚО әкімдігі бұл кәсіпорынның жұмысын қайта жандандырып, автоқұрастыру ісін жалғастыруға мүдделі екенін білдірген.

Анатолий Балушкин 2020 жылға дейін Forbes-Қазақстан тізіміндегі ең бай 50 адамның қатарына кірді. Ол «Азия Авто» АҚ және «БИПЭК Авто Қазақстан» АҚ бақылаушы акционері болған. «БИПЭК Авто Қазақстан» құрылымына «Азия Авто Қазақстан» АҚ-ның 75%-ы және «Азия Авто» Өскемен», «Азия Авто Сибирь» және т. б. компаниялар кірген.