Жаңалықтар

Патох Шодиев қаржы орталығында жаңа компанияны тіркеді

Шодиев жаңа компания құрды / Фото: youtube.com/@uzreport, бильд-редактор: Дастан Шанай

Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) тізілімінде Meridian Capital Ltd. атты жаңа компания пайда болды. Кәсіпорынның құрылтайшысы ретінде Патох Шодиев (Patock Chodiev) көрсетілген. Экономист Арман Батаевтың жазуынша, компанияның негізгі қызмет түрі – бақылау мен басқару мақсатында еншілес құрылымдардың активтеріне иелік ету.

Айта кетерлігі, соңғы уақытта АХҚО алаңы ірі активтерді қайта бөлу мен сатып алу-сату мәмілелерінің негізгі орталығына айналып келеді. Жақында ғана кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп осы орталықта тіркелген Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы арқылы «Алтыналмас» АҚ алтын өндіруші компаниясын сатып алған болатын.

Сонымен қатар, Financial Times басылымының дерегінше, Шахмурат Мүтәліп ERG тобының 40% үлесін сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл үлес Патох Шодиев пен марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі.

Миллионерлер арасындағы дау

2025 жылдың наурыз айында Александр Машкевич қайтыс болғаннан кейін, «Еуразиялық қаржы компаниясы» акционерлері (Патох Шодиев, Мұқадасхан Ибрагимова және марқұм А. Машкевичт мұрагерлері) арасында келіспеушіліктер туындаған болатын.

Дау негізінен Патох Шодиев пен марқұм Әлижан Ибрагимовтың ұлы Шухрат Ибрагимовтың арасында өрбіді. Bloomberg мәліметтеріне сүйенсек, тараптар арасында компанияны сату немесе сақтау мәселесінде пікір қайшылығы туындаған. 2025 жылдың тамыз айында Шодиев пен оның қызы Муниса Шодиева Директорлар кеңесінің бірқатар шешімдерін (2 маусым мен 30 шілдедегі) заңсыз деп тану туралы сотқа шағым түсірді.

Шодиев сотта жеңіліп қалды

2025 жылдың 16 қыркүйегінде сот Шухрат Ибрагимовтың талап-арызын қанағаттандырып, Директорлар кеңесінің бұрынғы шешімдерін заңды деп таныды. Сот шешімімен компания 2024 жылғы қаржылық есебін бекіту және «Еуразиялық банктің» басшылығындағы кадрлық өзгерісті қабылдауды міндеттеді.

Сонымен қатар компания акцонерлерінің құрамынан Мұқадасқан Ибрагимова шығып, орнына ұлы Шухрат келді. Нәтижесінде банктің Директорлар кеңесін Шухрат Ибрагимовтың өзі басқарды.

Айта кетсек, Александр Машкевич қайтыс болғаннан кейін бір жыл өткен соң, қазақстандық заңнамаға сәйкес, оның жақындары мұрагерлік құқыққа ие бола бастады.