Жаңалықтар

Құжатсыз жоба мен мақсатсыз шығын: Ұлттық қор қаржысы тиімсіз жұмсалған

Ұлттық қор қаржысы тиімсіз жұмсалған / Фото: shutterstock, бильд-редактор Дастан Шанай

Қазақстанның «қауіпсіздік жастығы» – Ұлттық қордан ел экономикасын дамытуға бөлінген миллиардтаған қаржы тиімсіз жұмсалған. Бұл туралы Ұлттық қор қаражатының жұмсалуына жауапты комиссия отырысында айтылды.

Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен бұл жиында 7,2 трлн теңгені қамтитын 3 мыңнан астам жоба мен облигациялық қарыздың тиімділігі сарапталды. Аудит қорытындысы бойынша, экономикалық нәтиже бар болғанымен, миллиардтаған қаржының тиімсіз жұмсалуына әкелетін кедергілер әлі де жойылмаған.

Басқаруда бірізділік жоқ

Тексеріс барысында анықталған басты мәселе – Ұлттық қор қаражатын пайдалануға жауапты біртұтас мемлекеттік органның жоқтығы.

Қазіргі кезде қорға қатысты функциялар үш тарап: Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі мен Ұлттық банкке бөлініп берілген.

Мұндай бытыраңқылық ақпараттың орталықтандырылған талдауын жасауға мүмкіндік бермейді, ал есептіліктің ашықтығы әлі де жеткіліксіз деңгейде қалып отыр. Бұл жағдай бюджеттік жобалардың түпкілікті тиімділігін толық бағалауды қиындатады.

Құжатсыз жобалар да бар

Қаржыландыру кезіндегі жоспарлау сапасының төмендігі жобалардың созылуына басты себеп болған. Ревизия көрсеткендей, кейбір нысандар жер телімдері мен жобалау-сметалық құжаттамасы дайын болмай жатып қаржыландырыла бастаған.

Нәтижесінде, жұмыс барысында 500-ден астам жоба (жалпы құны 394 млрд теңге) тиімсіз деп танылып, тізімнен шығарылған немесе басқасына ауыстырылған.

Бұл мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі алдын ала талдау жұмыстарының әлсіздігін көрсетеді.

Ұлттық қордың трансферттері заң бойынша тек ұлттық және стратегиялық маңызы бар ірі міндеттерге жұмсалуы тиіс.

Алайда комиссия қаражаттың жергілікті деңгейдегі ұсақ әлеуметтік нысандар мен ауылдарды абаттандыру секілді күнделікті шаруаларға бағытталғанын анықтады.

Тіпті, аяқталып қойған жобаларға қайта ақша бөлу немесе артық қаржыландыру деректері тіркелген.

Квазимемлекеттік сектор және «арзан ақша» мәселесі

Облигациялық қарыздар саласында да бақылаудың әлсіздігі байқалады. Квазимемлекеттік сектор субъектілері жеңілдетілген қарыз «арзан қаржы көзі» ретінде пайдаланғанымен, экспорттық және өндірістік көрсеткіштерді орындамаған.

айтарымы төмен жобалар мен лизингтік мәмілелердің негізсіз ұзартылуы қор қаражатының экономикалық қайтарымын төмендетіп отыр.

Комиссия қандай талап қойып отыр

2023-2024 жылдардағы тексеріс қорытындысы тек ұсыныстармен шектелген жоқ: бүгінде бірқатар қылмыстық істер қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүріп жатқандығы хабарланды. Қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгерту үшін Комиссия мынадай талаптар қойды:

  • Мақсатсыз пайдаланылған 64 млрд теңгені тез арада қайтару;
  • Толық пысықталмаған жобаларды қаржыландырудан бас тарту;
  • Қаражаттың түпкілікті иесіне дейінгі жолын бақылайтын жүйе құру;
  • Квазимемлекеттік сектордың бұрынғы қарыздарын мерзімінен бұрын қайтару мәселесін пысықтау.

2023-2024 жылдары Қазақстан үкіметі қордан қисапсыз қаржы алып, бюджет тапшылығы жапқан болатын. Соның салдарынан болашақ ұрпақ үшін деп жинап отырған қордан алынған қаржы түскен ақшадан асып кетті.