
2026 жылдың бірінші тоқсаны отандық өңдеуші өнеркәсіп үшін ауыр сынақпен аяқталды. Freedom Holding Corp. сарапшылары жариялаған соңғы есеп сектордағы іскерлік белсенділіктің күрт төмендегенін және өндіріс қуатының айтарлықтай қысқарғанын көрсетіп отыр.
PMI индексі: нарық рецессия алдында тұр ма?
Наурыз айының қорытындысы бойынша, Қазақстандағы өндірістік PMI (Сатып алу менеджерлерінің индексі) 47,4 тармаққа дейін құлдырады. Бұл – ақпандағы (48,1) көрсеткіштен төмен және қатарынан үшінші ай бойы 50,0 межесінен (өсім мен құлдырау арасындағы шекара) төмен қалып отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай елеулі төмендеу соңғы рет 2022 жылдың наурызында, геосаяси жағдайлар күрт шиеленіскен тұста байқалған еді.

Тапсырыс азайды, жұмыс орындары қысқарды
Өндіріс көлемінің тежелуіне, ең алдымен, жаңа тапсырыстардың кемуі себеп болған. Тұтынушылық сұраныстың әлсіреуі кәсіпорындарды өндіріс қарқынын бәсеңдетуге мәжбүрледі.
«Кейбір кәсіпорындар тек сұраныстың азаюын ғана емес, сонымен қатар ішкі қаржылық қиындықтарды да алға тартуда», – делінген зерттеуде.
Бұл үрдіс еңбек нарығына да салқынын тигізді. Өндіріс қажеттілігінің төмендеуіне байланысты компаниялар қызметкерлер санын жаппай қысқарта бастаған. Жұмыспен қамту деңгейінің мұндай жылдамдықпен төмендеуі соңғы төрт жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті.
Логистикалық тығырық және баға өзгерісі
Өнеркәсіп алпауыттарына сыртқы факторлар да қысым көрсетіп отыр. Украина мен Таяу Шығыстағы соғыс қимылдары, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жеткізу тізбегін үзіп, тауар жеткізу мерзімін ұзартып жіберген.
Десе де, жағымды жаңалық та жоқ емес. Қаңтар айында ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуіне байланысты шарықтаған инфляция наурызда бәсеңдеген. Ресурс құнының өсу қарқыны соңғы екі жарым жылдағы ең төменгі деңгейге түсіп, кәсіпкерлердің иығына түскен шығын салмағын аз да болса жеңілдеткендей.
Болашаққа болжам: оптимизм сақтала ма?
Қазіргі тұрақсыздыққа қарамастан, отандық өндірушілер алдағы 12 айға үмітпен қарайды. Кәсіпкерлер келесі жылы сұраныс қайта қалпына келіп, өндіріс көлемі артады деген сенімде. Алайда, наурыздағы «көңіл-күй» көрсеткіші орташа деңгейден төмен қалып отыр, бұл нарықтың әлі де сескенетінін аңғартады.