
Қазақстан ІІМ халықаралық интернет-алаяқтардың ірі тобы жойылғаны туралы хабарлады. Бірлескен арнайы операцияны Қазақстан мен Украинаның күш құрылымдары жүргізді, деп хабарлады Polisia.kz.
31 наурызда Днепр қаласында бірден үш call-орталық жабылды. Тергеу нұсқасы бойынша, олардың қызметкерлері Қазақстан, Украина және ЕО елдерінің тұрғындарын алдап келген. Полиция мәліметінше, сөз ақшасы мен цифрлық активтерінен айырылуы мүмкін болған жүздеген әлеуетті құрбан туралы болып отыр.
Алаяқтар өздерін инвестициялық компаниялардың қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар адамдардың жеке мәліметтерін алдап алып, банктік шоттары мен аккаунттарына қол жеткізген, содан кейін ақшаларын ұрлап отырған. Сонымен қатар, «романтикалық» схемалар және криптовалютаға жалған инвестиция салу жайттары бөлек тіркелді. Алдау үшін фишингтік сайттар – танымал инвестициялық платформалар мен криптобиржалардың көшірмелері пайдаланылған.
Днепрдегі операция кезінде 40 мекенжай бойынша тінту жұмыстары жүргізілді.
«Украинаның 53 азаматы ұсталды, оның ішінде сегіз негізгі фигурантқа айып тағылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған қатысушылар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатын болады. Алдын ала мәліметтер бойынша, тінту барысында 100 мың АҚШ доллары, 90 дана компьютерлік техника, 125 смартфон, 6 элиталық автокөлік, сондай-ақ сыртқы түрі атыс қаруына ұқсас зат тәркіленді», – деп хабарлады ҚР ІІМ.
Құқық қорғау органдары барлық эпизодтар мен ықтимал сыбайластарды анықтап, жалпы шығын көлемін есептеп жатты. ІІМ мұндай схемалардың жолын алдағы уақытта да қатаң кесетінін және азаматтарды кибер-алаяқтардан қорғайтынын атап өтті.