
Бас көлік прокуратура мигранттарға ақша үшін құжат рәсімдеуге көмектескен қылмыстық топтың бетін ашты. Ведомствоның мәліметінше, Орталық Азия елдерінің 5 мыңнан астам азаматы сыйақы үшін жұмысқа рұқсат, уақытша тұруды тіркеу және болу мерзімін ұзарту қызметтерін алған.
Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыстық тізбекке көші-қон қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ, Астана қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалының мамандары кірген. Олардан бөлек, заңсыз әрекетті ұйымдастыруға басқа да тұлғалардың қатысы болған.
«Фигуранттардың іс-әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 366 (пара алу), 367 (пара беру), 368 (парақорлыққа делдалдық ету), 394 (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) және 190 (алаяқтық) баптары бойынша саралануда», – деп хабарлады ведомстводан.
Қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Осының алдында Қазақстанның көлік полицейлері төрт күндік «Мигрант» рейдінің қорытындысын шығарған болатын. Күш құрылымдары перрондар мен әуежай терминалдарында құжаттарды тексерді. Нәтижесінде жүздеген заң бұзушы анықталып, бірқатар айыппұлдар салынды.