
15 жастағы қазақстандық вингер Кәрім Меңдіқанов «Барселонамен» келісімшартқа отырды, деп хабарлайды каталониялық Mundo Deportivo басылымы.
«Испанияның балалар мен жасөспірімдер футболы халықаралық таланттар үшін магнит болуын жалғастыруда және назар аудара бастаған есімдердің бірі – Кәрім Меңдіқанов. 2011 жылы туған қазақстандық жас футболшы «Барселонамен» келісімшартқа отырып қойды және келесі маусымда клубқа қосылады», – делінген басылым жазбасында.
Меңдіқанов Испанияға 2022 жылы келіп, содан бері каталониялық футболда шыңдалған. Өткен маусымда ол Каталония лигасында «Серданьола» сапында өнер көрсете бастаған.
Одан кейін ол «Сан-Кугатқа» ауысып, тағы бір қадам алға басқан. Онда оң қанаттағы шабуылшы (вингер) позициясында команданың маңызды ойыншыларының бірі ретінде тез бекіген. Оның ойыны назардан тыс қалмады және Испания Премьерасының бірнеше клубының қызығушылығын тудырған. Бірақ соңында футболшы «Барселонаның» ұсынысын қабылдауға шешім қабылдаған.