Қазақстанға кірген қытай компаниясының бұрынғы басшысы шартты өлім жазасына кесілді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Datang қытай компаниясының бұрынғы басшысы Коу Вэй
Ең ауыр жазаға кесілген топ-менеджер Коу Вэй / фото: People’s Daily, China

Қытайдың энергетика саласындағы Datang ірі мемлекеттік компаниясының бұрынғы басшысы Коу Вэй шартты түрде өлім жазасына кесілді. Бұл туралы Reuters қытай баспасөзінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Сыбайласқан жемқорлықпен күрес

Қытайдың China Datang Group компаниясының бұрынғы бас директоры Коу Вэй 1 сәуірде шартты түрде өлім жазасына кесілді. Алайда жазаны орындау екі жылға тоқтатылды. Шешімді Ішкі Моңғолияның халық соты шығарған.

Топ-менеджерге 1,54 млрд юань (210 млн доллар) көлемінде пара алды, қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыптар тағылған. Мүлкі тәркіленіп, саяси құқықтарынан айрылды.

Коу Вэй кінәсін мойындап, тергеуге көмектесіп, параның көп бөлігін қайтаруына байланысты оның жазасы жеңілдетілген. Екі жыл ішінде жаңа қылмыс жасамаса, өлім жазасы өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.

Коу Вэй Datang бас директоры қызметін 2020-2022 жылдары атқарған. 2024 жылғы желтоқсанда тергеуге алынған.

Қазақстанға кірген компания

Айта кетейік, China Datang Group Қазақстанға да келген. Мәселен, қазақ үкіметінің баспасөз қызметі 2024 жылғы 23 қыркүйекте осы компания туралы мәлімет таратқан. Онда премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың China Datang Corporation Ltd. компаниясының өкілдерімен кездескені айтылған.

Ресми мәліметте Datang әлемнің оннан астам елінде жұмыс істейтін ірі компания ретінде сипатталған.

Вице-премьермен кездесуде қытай компанияның аралас электр стансасын салу жобасын іске асыру мәселелері талқыланған. Бұған қоса, көрші елден келген қонақтармен көмір химиясы саласындағы ынтымақтастық мәселесі де сөз болған.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қытай корпорациясы бастамаларын пысықтау бойынша бірқатар тапсырма берілген.

Ескере кететін бір жайт, қытай компаниясының Қазақстандағы белсенділігі 2024 жылы басталған. Ал ауыр жазаға кесілген Коу Вэй ол корпорацияны 2022 жылға дейін басқарған.

Сондай-ақ оқыңыз