
Қостанай облыстық соты тәртіп сақшысын соққыға жыққан үш азаматты екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Бастапқыда жеңіл баппен басталған іс кейіннен аса ауыр қылмыс санатына қайта сараланды.
Мәселенің мән-жайы
Естеріңізге сала кетейік, 28 наурыз күні әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қостанай қаласының «Береке» шағын ауданында болған оқиға туралы ақпарат тараған еді. Бір топ жас жігіт қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ескерту жасаған полиция қызметкерін соққыға жыққан. Полиция департаменті олардың кім екенін жедел анықтап ұстады.
Бастапқыда бұл факт бойынша «өмірге қауіпті емес зорлық-зомбылық қолдану» бабымен іс қозғалған болатын. Алайда тергеу барысында қылмыстың сипаты ескеріліп, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 6-бөлігі 4-тармағына («Билік өкіліне қатысты адамдар тобымен жасалған, өміріне немесе денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық») ауыстырылды. Бұл бап бойынша кінәлі деп танылғандар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сот үш күдіктіге қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау (тергеу изоляторына қамау) түріндегі бұлтартпау шарасын шығарды. Қазір тергеу жүріп жатыр.
31 наурызда Қостанайда ішімдік ішкен бірнеше жігіт полицейді соққыға жыққан видеосы тараған еді. Қызметтегі киім киген тәртіп сақшысын ортаға алған, ал біреуі тепкілеп тұр. Қазір зардап шеккен полицей ем алып жатыр.