Құны 11,2 млрд теңге болатын өндіріс жарты жыл бойы іске қосылмаған

Инвестор әкімшілік кедергілерге тап болған. Ұлытау облысында прокуратураның араласуынан кейін инвестор құны 11,2 млрд теңге болатын Ulytau Gold Processing жобасы үшін қажетті рұқсаттарды алды, деп хабарлады қадағалау органының баспасөз қызметі.
Компания «Ашықтас» кен орнында бағалы металдар өндірісін іске қосып жатқан болатын.
«Жарты жылға жуық уақыт бойы инвестор рұқсат беру құжаттарын алу кезінде әкімшілік кедергілерге тап болды. Атап айтқанда, санитарлық-қорғау аймағы жобасының болмауы қорытынды беруден бас тартуға негіз болған. Бұл іс жүзінде нысанды пайдалануды және инфрақұрылымға қол жеткізуді шектеді», – деп мәлімдеді прокуратурадағылар.
Қадағалау органының араласуынан кейін және Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен жұмысқа жобалау ұйымы мен уәкілетті орган тартылды. Бес айдан астам уақыт бойы шешілмей келген мәселе 20 күн ішінде жабылды.
Компания қажетті құжаттарды алды, бұл кәсіпорынды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өндірісте 700-ге жуық адам жұмыс істейді.