Жаңалықтар

Төрт ғарышкер бүгін Айға ұшады: тікелей трансляция

НАСА ғарышкерлері Артемида II кемесімен Айға аттанады
Artemis II ғарыш кемесі төрт ғарышкерді Айға алып барады / фото: NASA/Bill Ingalls

2 сәуірге қараған түні НАСА-ның Артемида II ғарыш миссиясына қатысатын төрт ғарышкер Айға ұшады. Адамзат баласы жарты ғасырда алғаш рет Жердің жалғыз ғана табиғи серігіне сапарлайды.

Маңызды миссия

Space Launch System (SLS) зымыран тасығышы Астана уақытымен түнгі сағат 03:24-да АҚШ-тың Флорида штатындағы Кеннеди атындағы ғарыш айлағынан әуеге көтеріледі. Boeing компаниясы дайындаған зымыран «Орион» ғарыш кемесін орбитаға алып шығады.

Осылайша, бүгін НАСА-ның Артемида II миссиясы ресми түрде басталады. Оның мақсаты – 2028 жылы адамды Айға қондыру.

Осы жолғы сапар 10 күнге созылады. Ғарышкерлер Айды бір айналып, Жерге қайта оралады. Төрт адам Айдың бізге көрінбейтін арғы бетін тамашалайды.

Экипаж мүшелері

Артемида II миссиясын НАСА ғарышкері Рид Уайзман басқарады. Онымен бірге Айға миссия ұшқышы Виктор Гловер, миссия маманы Кристина Кох, сонымен бірге канадалық ғарышкер Джереми Хансен аттанады.

НАСА ғарышкерлері Артемида II кемесімен Айға аттанады
Артемида II миссиясының төрт ғарышкері / фото: NASA/Bill Ingalls

«Орион» Айды айналып өткен соң, Жер тартылыс күшімен өзіне қарай тартып алуға тиіс. Оныншы күні төрт ғарышкер мінген капсула атмосфераға кіріп, Тынық мұхитқа қонады.

Тікелей эфир басталды

Артемида II миссиясының жүзеге асу барысын НАСА-ның Youtube арнасы арқылы тікелей эфирден тамашалауға болады:

NASA's Artemis II Live Mission Coverage (Official Broadcast)

Естеріңізге сала кетейік, 1969 жылғы 21 шілдеде америкалық ғарышкер Нил Армстронг алғаш рет Ай бетіне аяқ басқан. АҚШ содан бастап 1972 жылға дейін Аполлон миссиясы аясында тағы 11 ғарышкерді Айға қондырған.