
Түркістан облысында апелляциялық инстанция өз әкесін ұрып-соққан тұрғынының үкімін қайта қарады. Сот прокуратураның шағымын қанағаттандырып, сотталушының бас бостандығынан айыру мерзімін 5 жылдан 6 жылға дейін ұзартты деп жазады Tengrinews.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 наурызда апелляциялық инстанция прокуратураның жазаны қатаңдату туралы шағымын мақұлдады.
«Оның жаза мерзімі ұлғайтылды. Бес жылдың орнына алты жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Прокуратура жазаны қатаңдату туралы қолдаухат беріп, ол қанағаттандырылды. Айыптау баптары бұрынғыша қалды («Қинау» және «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру»), бірақ жазаны арттыру жағына қарай қайта қаралды», – деп түсіндірді ведомство.
Неге жазаны одан әрі қатайтты?
Сот ер адамның әрекеті ауыр және қоғамға қауіпті іс-әрекеттер санатына жатады деп шешкен. Сот алқасы сотталушының аса қатыгездікпен әрекет еткен деген қорытындыға келді.
«Ол туған әкесінің дәрменсіз күйін толық пайдаланып, оған жүйелі түрде күш көрсетіп, қинағаны анықталды. Ол ерекше цинизм танытып, қарт адамға қасақана физикалық және психикалық зардап шектірген. Сонымен қатар, әкесі қайтыс болғаннан кейін бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарламай, бірден жерлеу шараларына кіріскен. Бұл жағдайлар үкімді қатаңдатуға негіз болды», – деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.
Ал сотталушының әйеліне қатысты қылмыстық қудалау тергеу сатысында тоқтатылған.
Прокуратура жыл басында әкесін ұрған азаматтың жазасын қатаңдатуды сұраған. Еске салайық, Шардара ауданы Қоссейіт ауылында 42 жастаға Алмас Садақбаев мүгедек әкесін үйдің ауласында ұрып-cоққан видео тараған. Полиция іс қозғап, іс сотта қаралған. Айыпталушы ісі Қылмыстық кодекстің «Қинау» бабы және «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабымен тіркелген.