Түркістан төріндегі «Балуан тас» сапары: қазақ күшінің шежіресі қалай жаңғырды

Наурыз мейрамы қарсаңында Түркістан облысында «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» жобасы аясында ауқымды экспедиция өтті. Төрт күнге созылған бұл сапар ұлттық баһадүрлік мұраны түгендеуді ғана емес, өңірдің рухани және экономикалық әлеуетін саралауды мақсат етті.
Рухани тамыр: он әулиеге зиярат

Экспедиция мүшелері сапарын Сайрамдағы Ибрагим ата кесенесінен бастап, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде түйіндеді.

Бұл бағыт тарихтағы «әке мен баланың жолы» ретінде белгілі әулиелік маршрутты толық қамтыды. 1000 шақырымнан астам жол жүрген экспедиция мүшелері Қарашаш ана, Бибіғияс ана, Бәйдібек ата, Домалақ ана, Ысқақ баб, Баба Түкті Шашты Әзиз, Ақмешіт әулие үңгірі және Арыстанбаб кесенелеріне барып тағзым етті.

Бұл зияраттың басты мақсаты – ел жадындағы алып күш иелері мен рухани тұлғалардың арасындағы байланысты зерделеу. «Балуан тас» философиясы тек физикалық күш қана емес, сонымен бірге терең рухани өріс екені осы сапар барысында тағы бір мәрте дәлелденді.
Түркістанның бүгінгі қуаты: өндіріс пен индустрия
Экспедиция тек тарих қойнауына үңіліп қана қоймай, өңірдің қазіргі қарқынын да бағамдады. Топ мүшелері Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Отырар және Сауран аудандарындағы ірі өндіріс орындарына ат басын бұрды.

Сауран ауданында 32 жоба іске асып жатқан алып Өндірістік парк, дрон құрастыру және ауыл шаруашылығы техникаларын шығару зауыттарына аралап, жұмыстарымен танысты.

Сайрамдағы Орта Азия жұртына таңсық банан плантациясы мен Отырардағы тоқыма өнеркәсібі өңірдің экономикалық қуатын көрсетті. Ордабасыдағы индустриялық аймақ пен Бәйдібектегі су қоймасының құрылысы сияқты маңызды нысандар да экспедиция назарына ілікті.
Тарихи сәт: 86 жылдан кейінгі жаңғыру
Экспедицияның ең жарқын оқиғасы Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде өтті. Мұнда араға 86 жыл салып, Қажымұқан Мұңайтпасұлынан кейін тоқтап қалған көне «Балуан тас көтеру» рәсімі қайта жаңғыртылды.

Ақмолалық айтулы палуан Арман Сүлеймен салмағы 200 келіге жуық тасты көтеріп, арнайы тұғырға қондырды. Осы сәттен бастап бұл тас ресми түрде «Балуан тас» мәртебесіне ие болды. Дәстүрге сай, жергілікті ақсақалдар палуанға бата беріп, астына ат мінгізді. Бұл – ұлттық рухтың сабақтастығын көрсететін теңдессіз тарихи сәт болды.
«Қазақ күшінің картасы»
Экспедиция жетекшісі Абылайхан Қалназаровтың қорытындылауы бойынша, Түркістан сапары «Қазақ күшінің картасын» айтарлықтай толықтырды.

13 заттық Балуан тас және 2 символдық тас ресми ақпараттар базасына тіркелді. Салмағы 130 келіден 630 келіге дейін жететін бірегей диірмен тастар мен балуан тастар зерделенді. Жиналған материалдар «Пілмен күрескен қазақтың 7 палуаны» және «Балуан тас» кітаптарының жаңа томдарына негіз болады. Сонымен қатар жоғалған тастардың орнына музейлерге арнайы муляждар орнату туралы әкімдікпен уағдаластық жасалды.
Төрт күндік сапар рухани тазарумен, ғылыми жаңалықтармен және ұлттық мақтаныш сезімімен өз мәресіне жетті.