
Қазақстанда 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылады. Үкімет осындай ауқымды науқанды елдегі 78 жоғары оқу орнында жүргізуді көздеп отыр.
Қажетсіз мамандықтар
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева білім беру және кадрлар даярлау жүйесін реформалау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Вице-премьер, әсіресе, маман даярлау саласындағы «айқын сәйкессіздікке» мән берді.
«Өңірлердегі нақты кадр қажеттілігі мен мамандарды даярлау бағыттары арасында елеулі алшақтық бар. Мәселен, Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласына 800 маман қажет болса, білім беру жүйесі бұл сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Ал Қарағанды облысында 351 IT вакансияға 2500-ден астам студент дайындалып жатыр», – деді шенеунік.
Вице-премьер елде білім беру бағдарламалары «тым артық», әрі «тәжірибеден алшақ» деп есептейді.
«Қазір жоғары оқу орындарында экономика бағыты бойынша 142, ал құқықтану бойынша 115 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Көп жағдайда мұндай бағдарламалар бір оқу орнының өз ішінде де қайталанып отыр», – дейді Балаева
Қысқарту жүреді
Соған байланысты үкімет басы артық білім жобаларын қысқарту жөнінде нақты шешім қабылдаған.
«Жалпы саны 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылады. Оның ішінде 78 жоғары оқу орнындағы 503 бағдарлама – артықтықты жою үшін, тағы 26 бағыт бойынша 235 бағдарлама – жүйедегі олқылықты жою мақсатында тоқтатылады», – дейді министр.
Бұл ретте студенттердің бәріне оқуын толық аяқтауына кепілдік беріледі. Алайда аталған бағдарламалар бойынша жаңа қабылдау жүргізілмейді.
Олардың орнына жаңа басым бағыттар дамиды. Олардың арасында AI and Data, биоинжиниринг, Smart Agriculture және EdTech секілді бағыттарды қамтитын 21 бағыт іске қосылады.