
Жұлдыз Әбдікәрімова айнадағы бейнесімен сөйлесе бастады. Ол айнадағы бейнесінің сөзіне құлақ түргенін айтты.
Қайрат Нұртастың жары бүгінгі күніне тәубә дегенмен, шүкіршілік ету ертерек деп біледі.
«Олай деуімнің себебі, айнадағы бейнем былай деді: «Өнердегі жасайтын шаруа бастан асатындай сезіледі. Иә, бұған дейін де жасағанымыз бар. Көпшілік үшін көлемі бармақтай болғанымен, өзің үшін салмағы мың батпан еді. Егер бізде шұғылалы нұр демейін, жіптік сәуледей зерде болса, таудай демейін, тобықтай талап болса, бармақтай демейін, тырнақтай бақ болса, ол – бізге сұраусыз берілген сый емес. Несие. Өнер жолында парыз арқалатқан, қоғам алдындағы қарызымыз. Демек, әлі де құнды, мәнді, мазмұнды шығармашылық алдағы уақыт еншісінде!». Мен айнадағы бейнеммен келіскендей болдым», – дейді актриса.
Айтуынша, дәл қазіргі шақтағы оның көңіл сарайы тамаша. Үйінен қонақ үзілмей, талай тілек тіленіп, бата беріліп жатыр. Балалары өз болашақтарына ұмтылып келеді. Рәбия Сұлтан жасына сай дамып, еңбектеп қалған. «Ай астындағы жылжып жатқан әдепкі тіршілік үшін тәубе деймін», – дейді Жұлдыз Әбдікәрімова.
Актриса қызына қазақтың дәстүрлі тәрбиесін қабылдамай, заманауи тәрбие беретінін алға тартып отыр.