
Депутаттар әскери және арнаулы оқу орындарынан үлгерімі төмен офицер-магистранттар мен докторанттарға берілетін кейбір өтемақыларды алып тастауды ұсынды. Сондай-ақ әскери ерлі-зайыптыларға берілетін төлем қысқаруы мүмкін. Бұл «Арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы аясында бюджет қаржысын үнемдеуге арналған ұсыныстардың бірі.
Мәжіліс депутаты Болат Керімбектің айтуынша, енгізілетін нормалар мемлекеттік шығындарды азайтуға және қаражатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Мәселен, ерлі-зайыптылардың екеуі де әскери немесе күштік құрылым саласы қызметшісі болса, онда қызмет бабында ауысқан кезде олардың өз мүлкін тасымалдауға кететін шығын тек біреуіне ғана өтеледі«, – деп мәлімдеді депутат.
Сонымен қатар заң жобасында оқудан үлгерімі төмен болған офицер-магистранттар мен докторанттарға берілетін кейбір өтемақыларды жою қарастырылған. Оның ішінде көлікте жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын төлеу құқығын алып тастауды көздейді.
Айта кетейік, аталған заң жобасында мемлекеттік құпияларды қорғауға бағытталған ұсыныстар да бар. Заң жобасында экстремистік және террористік мазмұндағы әдебиеттерді сақтауға тыйым салуды бекіту ұсынылған.